Қарағандыда нашақорлыққа қарсы республикалық семинар өтті
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мұрындық болуымен өткен шара ҚХА-ның XXXIII сессиясындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Ассамблеяның 30 жылдығына орайластырылды.

Семинар жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуға және әлеуметтік қауіпті құбылыстардың алдын алуға бағытталған. Бұл орайда «Салауатты сана» жобасы кеңінен талқыланды. Семинар жұмысына Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, ІІМ, Денсаулық сақтау және білім министрліктерінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, өңірлік аналар кеңестері, ҮЕҰ және сарапшылар қатысты.
–Басты қару — жаза емес, дұрыс бағдарлар – рухани даму, спорт, шығармашылық және мейірімділікті қалыптастыру. Өңірде футбол академиясы салынуда, шахмат қозғалысы дамуда, «Кітап оқитын ұлт», «Тұлпар мініп, ту алған» жобалары іске асырылуда. Оған қоса Community-орталық ашылды, гранттық бағдарламалар мен «Жасыл ел» жұмыс істейді. Мұның бәрі – жастардың ел үшін маңызды екенін сезінуге көмектесетін жүйе, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Семинар спикерлері нашақорлыққа қарсы күрес ерте профилактиканы, психоактивті заттардың айналымын бақылауды қатаңдатуды, оңалту жүйесін дамытуды, сондай-ақ ата-аналар мен жастарды белсенді тартуды қамтитын кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті.
Семинарда ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова нашақорлықтың алдын алуда мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды біріктіретін институт ретінде қоғамды шоғырландырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне баса назар аудара отырып, құттықтау сөз алды.
ҚР Бас прокуратурасының аға прокуроры Роза Ахметова прокуратураның құқық қолдану практикасы мен қадағалау функцияларына баса назар аударды, есірткі қылмысының алдын алу және ашу жөніндегі жұмыстың нәтижелері, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі туралы айтты. ҚР ІІМ Есірткі айналымына қарсы іс – қимыл комитетінің өкілі Алмасхан Садыханов есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес туралы баяндама жасап, есірткі зертханаларын жою, интернет-ресурстарды бұғаттау және осы саладағы қылмыстар санын азайту нәтижелерін атап өтті.
ҚР БҒМ Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Еран Қалмақов жасөспірімдер арасында білім беру және алдын алу тақырыбын ашып, мектептерде салауатты өмір салтын қалыптастыру және өскелең ұрпақтың жауапкершілігі бойынша жүйелі бағдарламаларды енгізу қажеттігін атап өтті.
Қарағанды облысы бойынша медициналық-фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова өз сөзінде дәрілік заттардың айналымын бақылауды қатаңдату жөніндегі шараларды, тәуелділікті ерте анықтау және оңалту орталықтары желісін дамытуды қоса алғанда, мәселенің медициналық аспектісіне тоқталды.
«ESBOL QORY» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жандос Ақтаев еріктілерді тарту және «Жасыл сертификат», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» бағдарламаларын іске асыру тәжірибесімен бөлісе отырып, азаматтық бастамалар мен жастар жобаларының рөлі туралы баяндама жасады.
Семинардың секциялық бөлігі ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанайдың модерациясымен өтті, ол «Салауатты сана» жобасы туралы баяндама жасап, оның отбасы институтын нығайтуға, ата-аналарды тәрбие процесіне тартуға және жастардың бойында тұрақты құндылықтарды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Семинарға қатысушылар нашақорлық медицина мен білім үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де қатер екенін, сондықтан оған мемлекет пен азаматтық сектордың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болатынын атап өтті. Семинардың қорытындысында Қазақстанның болашағы есірткісіз болуы тиіс екендігі бас айтылды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ