Қарағандыда «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпаздары анықталды
Қарағанды облысында дәстүрлі түрде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңі өтті. Биылғы жылы бұл байқау ерекше форматта – Ассамблея жылы аясында, «Отбасы – қоғам айнасы» ұранымен ұйымдастырылды.

Конкурс 15 мамыр мен 30 маусым аралығында облыстың қалалары мен аудандарында өткен іріктеу кезеңінен басталды. Іріктеу кезеңіне шамамен 400 отбасы қатысып, олардың ішінен әр өңірден екі отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Қатысушыларды іріктеу отбасы және балалар мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралған білікті қазылар алқасы тарапынан жүргізілді.
Облыстық кезеңнің қорытындысы 20 қазанда Қарағандыдағы Достық үйінде өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ораз Таурбеков, белгілі қоғам қайраткерлері және байқаудың өткен жылдардағы жеңімпаздары қатысты.
Іс-шара барысында «Мерейлі отбасы» конкурсының облыстық кезеңіне қатысқан үздік отбасылар марапатталды. Сахна төрінде Балқаш, Теміртау, Нұра, Қарқаралы, Саран, Шахтинск, Приозерск қалалары мен бірнеше аудандардан келген өнегелі әулеттер өз тарихымен бөлісті.
Бас жүлде иегері болып Саран қаласынан келген Ключниковтар отбасы танылды. Әулет басшысы Константин Ключников – шахтерлер династиясының өкілі, ал жұбайы Анастасия Ключникова – Саран қалалық ауруханасында еңбек етеді. Балалары – халықаралық жарыстардың жеңімпаздары.
Сонымен қатар жүлделі орындар келесідей бөлінді:
1-орын – Сайлаубековтар отбасы (Осакаров ауданы)
2-орын – Жапаровтар отбасы (Осакаров ауданы)
3-орын – Булкенбаевтар отбасы (Теміртау қаласы).
Конкурс жеңімпаздары мен қатысушыларына облыс әкімінің атынан дипломдар, сертификаттар, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.
«Мерейлі отбасы» байқауы – қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ізгілік пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды дәстүр. Шара соңында барлық қатысушылар мен жеңімпаздар бір сахнаға шығып, байқаудың әнұраны – «Мерейлі отбасы» әнін бірге шырқады.
Толығырақ газеттің алдағы нөмірінен оқитын боласыздар.
Жамал АКПАРОВА