Қарағандыда менталды ерекшелігі бар жандарға арналған алғашқы интеграциялық орталық ашылды
Қарағанды қаласында «Бізбен бірге бол!» атты интеграциялық орталық ашылды. Бұл – өңірде менталды ерекшеліктері мен мүгедектігі бар 16 жастан асқан азаматтарға арналған жалғыз кеңістік.

Мұнда әлеуметтік бейімделу мен кәсіби даму бағытындағы түрлі бағдарламалар жүзеге асырылады. Орталықта арт-терапия, спорт, йога, би, тігін ісі бойынша сабақтар өткізіледі, шығармашылық және қолданбалы шеберханалар жұмыс істейді. Қызметкерлер құрамында 11 маман — психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен кеңесшілер бар. Орталық бір мезгілде 200 адамға дейін қабылдай алады. Қазіргі уақытта 30 қатысушы жүйелі түрде сабақ алып жүр.
Бұл – жаңа дағдыларды меңгеруге, әлеуетті ашуға, өзге адамдармен қарым-қатынас орнатуға және біртіндеп өз бетінше өмір сүруге бейімделуге мүмкіндік беретін кеңістік.
– Бұл орталықты ашуға біз бес жылдан астам уақыт жұмсадық, – дейді орталықтың негізін қалаушы, «ACET inclusive» қоғамдық бірлестігінің директоры және менталды ауытқуы бар жасөспірімнің анасы Әсел Бекбаева. – Өз тәжірибемнен білемін: мұндай адамдардың көбі төрт қабырғаға қамалып, дамуға, жұмыс істеуге, қоғаммен араласуға мүмкіндік ала алмай жатады. Біз олар үшін қауіпсіз әрі ашық орта жасағымыз келді. Әрқайсысы өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, қабілеттерін дамытып, болашақта өзіне лайықты жұмыс тауып, өмір сүре алатындай жағдай туғызуды мақсат еттік. Концепцияны әзірлеу барысында біз Франция және басқа да Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттедік. Мұндай орталықтар ол жақта өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген.
Орталықтың басты мақсаты — күнделікті өмірде және еңбек саласында қажет болатын базалық дағдыларды үйрету. Бұл әсіресе балалық шағынан бастап үнемі қамқорлықта болған адамдар үшін өте маңызды.
– Біз ең қарапайым тұрмыстық дағдылардан бастаймыз: үстел басында дұрыс отыру, ыдыс қою немесе жинау, себебі ата-аналардың шектен тыс қамқорлығы салдарынан көпшілігі мұны білмейді немесе орындауға құлықсыз, – деп түсіндіреді Әсел Бекбаева. – Уақыт өте келе тағам дайындауға, наубайшылыққа, бариста кәсібіне баулимыз. Бұл дағдыларды олар болашақта орталықтың жанынан ашылатын инклюзивті дәмханада іс жүзінде қолдана алады. Ол жерде қызмет көрсететін жандардың барлығы – менталды ерекшелігі бар азаматтар екенін келушілер де білетін болады.
Орталықта кәсіби бағдарлау мен жұмысқа бейімдеу мәселесіне де ерекше назар аударылады. Жыл басында жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл жоба аса өзекті. Мұндағы оқыту – алдағы тұрақты еңбекке орналасудың алғашқы баспалдағына айналуы мүмкін.
Орталық Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан. Жоба 2025–2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Оны «ACET inclusive» қоғамдық бірлестігі Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы іске асыруда.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА