Бас тақырып

Қарағандыда мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық турнир басталды

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қарағандыдағы Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетикалық манежде мемлекеттік қызметшілер арасында ұлттық ойын түрлерінен облыстық турнир басталды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Турнирде өңірдің түпкір-түпкірінен 7 аудан 5 қаладан 12 команда өзара күш сынасуда. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқауға биыл 188 қатысушы өтінім берген. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Аталмыш шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастыруда.

– Әуелі баршамыз асыға күтен Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Бұл мейрамның әр отбасы үшін алатын орны ерекше. Күн мен түн теңеліп, араздың татуласатын, ақтың молайған, алыстың жақындайтын шағы. Сәл шегініс жасасақ, Кеңес үкіметі кезіндегі солақай саясаттың салдарынан талай құндылықтарымыздан қол үзіп қалдық. Соның ішінде Наурыз мейрамы да бар. Тіпті, 1920 жылы арнайы жарғымен Наурыз мерекесіне тыйым салынған еді. Алайда, араға 60 жыл салып, 1980 жылы өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып ұлттық құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз мерекесі ресми бекітілді. Негізі, біз Наурыз мейрамының ұғымын терең ұғынбай жүрген сияқты сияқтымыз. Биыл «Наурызнама» деп айдар тағып, тойлауды қолға алдық. Наурыздың сәні қызылды-жасылды киінген қыз-жігіттер емес. Тарихы тым әріде жатыр. «Наурызнама» деп аталуының өзінің де заңдылығы бар. Кешегі Махмұт Қашқаридің, Омар Хаямның, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтердің еңбегінде кеңінен жазылған. Абайдың, Міржақыптың еңбегінде де нақты деректер келтіріледі. Биыл сол дәстүрді қайта жаңғыртып жатырмыз, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

         

Қатысушылар спорттың алты түрі бойынша сынға түседі. Атап айтсақ, тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тарту, асық ату, кір тасын көтеру, қол күресі. 

– Аталмыш шараны дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Ұлттық ойындарымызды насихаттау және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында қолға алынған. Жарысқа қатысушылар спорттың алты түрі бойынша сынға түскенімен команда мүшелеріне шектеу қойылмады. Әс спорт түрінен бекітілген ережелер және төрешілер бар. Қатысушылар салмақ бойынша сынға түседі, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Наурызбаев.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button