Жаңалықтар

Қарағандыда – маркшейдерлер форумы

    Өзбекстан, Ресей, Украина, Италия, Испания және  Швейцария секілді Орта Азия, Шығыс және Батыс Еуропа елдерінің өкілдері ҚарМТУ–да бас қосты. Халықаралық маркшейдерлер форумының қатысушылары геодезия, маркшейдерлік іс және геотехникадағы инновациялық технологияларды талқылады.

Форум аясында Қазақстан Маркшейдерлер ұйымының ІІ съезінің пленарлық мәжілісі өтті.  «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД, «ССГӨБ» АҚ, «Екібастұз көмір» ЖШС, «Казцинк» АҚ, «Алтынтау Көкшетау» АҚ, «Алтыналмас АК» АҚ, «Алтай Полиметаллы» АҚ сияқты 25 ірі отандық тау-кен кәсіпорындары, «Қарағанды Гипрошахт» ЖШС, «Д. Қонаев атындағы тау-кен істері институты», «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-тің Бас жобалау институты (Жезқазған қаласы) сияқты ғылыми-зерттеу және  жобалау орталықтарының делегаттары қатысты. Еліміздегі ЖОО-дан Санкт-Петербург мемлекеттік тау-кен университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰЗТУ, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ғалымдары мен оқытушылары жиналды. Өндіріс мамандары тау-кен саласының өзекті проблемалары мен болашағы, даму жағдайы және жаңа инновациялық технологияларды игеруде өзара тәжірибе бөлісті.

Мәжілісте Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Марат Ибатов:

– Екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған Қазақстан Маркшейдерлер ұйымының ІІ съезі – тек біздің білім ордамыз үшін ғана емес, барлық отандық және шетелдік тау-кен саласы қызметкерлері мен өнеркәсіп орындары үшін маңызды шара. Кәсіпорындар мен оларға маман дайындайтын жоғарғы оқу орындарын, сондай-ақ тау-кен кәсіпорындарын инновациялық құрылғылармен қамтамасыз ететін фирмаларды форумда жүздестіруді көздейді. Ондағы мақсатымыз – халықаралық деңгейде жаңа байланыстар құру, білім мекемелері мен өндіріс арасында дәнекер болу. Осы салада жасалып жатқан соңғы жаңалықтар мен технологиялар жөнінде ой бөлісу, – деді.

Сондай-ақ, Марат Кеңесұлы Халықаралық маркшейдерлік қоғамының (International Society for Mine Surveying) президенті Анатолий  Охотинді  Алғыс хатпен марапаттап, ҚарМТУ-дың құрметті профессоры атағын берді.

Сөз алған Анатолий Охотин қазіргі таңда әлемдік деңгейде бұл мамандықтарға сұраныстың азайғанын, осының салдарынан шетелде осы сала бойынша маман дайындау қысқарғанын атап өтті. «Дегенмен, мамандыққа деген қажеттілік азайса да, тау-кен саласында жер қыртысын зерттеу, өлшеу бойынша инновациялық технологиялардың кеңінен қолданылуы  мамандардың жаңа  буынына талап артты. Себебі кен орындарын барлау ісі толығымен автоматтандырылған, құрылғылар мен қондырғылар ғарыштан түсірілімдер жасап, оны компьютерлік тұрғыда өңдеуге бейімделді. Осындай тәжірибелі мамандар – маркшейдерлік істің болашағын айқындайтын болады», – деді.

Ұйымдастырылған көрмеге қатысушылар Leica Geosystems (Швейцария), TRE Altamira (Испания және Италия), Ресейдің (Совзонд) және шетелдік компаниялардың заманауи маркшейдерлік геодезиялық технологияларымен танысты. Заманауи маркшейдерлік геодезиялық құрылғылар: лазерлі-сандық нивелирлер мен тахеометрлер, 3D-сканерлер жаңа заманауи жерсеріктік бағдарлау жүйелерін (GPS) тамашалады.

Сөз алған ҚарМТУ-дың «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының профессоры, «Қазақстан маркшейдерлер одағы» қоғамдық ұйымының президенті Фарит Низаметдинов ЖОО-да білім алған жастар еліміздегі геодезия және маркшейдерлік істің бүгінгі даму перспективасын жақсартатынын айтты. Сондай-ақ, жас мамандар алдағы уақытта сала бойынша шағын кәсіпкерлікті дамытып, отандық және шетелдік кәсіпорындар арасындағы серіктестіктерді кеңейту мәселелерін қарастырмақ.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button