Облыста мәслихат сайлауына дайындық қызу
Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман 26 қазанда өтетін мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары аясында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапарға ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік пен комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты. Мұхтар Ерман облыстық және өңірлік сайлау комиссияларының төрағалары, мемлекеттік органдар өкілдері қатысқан кеңес өткізді. Онда алдағы сайлауға дайындық, сайлау учаскелерін жарақтандыру, қауіпсіздік және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау мәселелері талқыланды.
ОСК төрағасының орынбасары сайлау процесінің барлық кезеңінде ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сайлау Қарағанды және Саран қалалары мен Бұқар Жырау ауданында өтеді. Бұл өңірлерде шығып қалған депутаттардың орнына төрт мәслихат депутаты сайланады. Науқанға 4 аумақтық, 4 округтік және 19 учаскелік комиссия жұмылдырылған.
Сапар аясында Мұхтар Ерман Қарағанды қаласындағы №14 округтік, №76, 77 және 78 сайлау учаскелерінде, сондай-ақ Бұқар Жырау ауданы Новоузенка ауылындағы №11 округтік және №464 учаскеде болды. Ол дауыс беру құпиясын сақтау, сайлаушыларды ақпараттандыру және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге назар аударды.
№77 сайлау учаскесінің төрағасы Ардақ Төлендіқызы:
– Бүгін сайлауға дайындық күні. 26 қазан күні қалалық мәслихатқа сайлау өтеді. Біздің командада 9 адам бар, осы салада 10 жылдан артық жұмыс істеп келеміз. 2 848 сайлаушы тіркелген, келе алмайтын он шақты адам бар. Олардың барлығына шақырту жіберілді, үйлеріне барып, дауыстарын қабылдайтын боламыз, – деді.
Жұмыс сапары сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған семинар-тренингпен қорытындыланды. Онда нормативтік-құқықтық база түсіндіріліп, тәжірибелік жағдайлар бойынша іс-қимыл алгоритмдері талқыланды.
Жамал АКПАРОВА