Қарағандыда – үлкен спорт кластері салынады
Қарағандыда «Көгілдір тоғандар» ықшамауданы мен қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінің ортасында болашақта үлкен спорт кластері салынбақ. Ол үшін тиісті жер телімі де бөлінген. Онда жаңа жабық стадион, бассейні бар әмбебап спорт аренасы және көпфункционалды мұз кешені болады деп жоспарлануда. Бұл туралы аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды тұрғындарымен кездесу барысында айтып берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлу қажеттігін баса айтқан болатын. Біздің қазіргі басты міндетіміз дені сау ұрпақ тәрбиелеп, отандық спортшыларды даярлау. Осы мақсатта «Көгілдір тоғандар» ықшамауданы мен қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігі арасында жаңа спорттық кластерді салу үшін 72 га жер бөлдік. Қарағандыға жаңа стадионның қажет екендігі талайдан бері айтылып келеді. Тұрғындар тарапынан түсетін сұрақтардың басым бөлігі осы стадион жайлы. Сондықтан, біз жабық стадион, хоккей, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған көпфункционалды мұз кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Мұз аренасы тұрғындардың жаппай келуі үшін де қолжетімді болады. Сондай-ақ, аумақта жеңіл атлетика манежін, бассейн, күрес және бокс залдары бар әмбебап спорт аренасын саламыз. Барлық нысандар халықаралық стандарттарға сай болмақ. Ал, бұл тиісті деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, Майқұдық тұрғындары үшін Пришахтинсктегідей заманауи оқушылар сарайы салынады. Бүгінгі таңда жер учаскесі анықталған. Дайындық процесі жүргізілуде.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz