АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті үстемақыны асырған 5 сауда желісі мен 32 көтерме жеткізуші жазаланды

Қарағанды облысына көтерме тауар жеткізушілер «Milk Group» ЖШС және «Деп Плюс» ЖШС сары майдың сауда үстемесін тиісінше 22,6% және 26,3%-ға артық қолданғаны анықталды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.

Сурет ru.freepik.com

Сонымен қатар «Сұлтан Камал» ЖШС 2,5% майлылықтағы айранға 43,2%, «Кадомец ЖК» 1-санаттағы тауық жұмыртқасына 25% мөлшерінде, ал «Ер-Ай 2012» ЖШС қарақұмық жармасына белгіленген шекті деңгейден 12% жоғары сауда үстемесін белгілеген.

Өңірге көкөніс өнімдерін жеткізетін «ЖК Надиров» және «ЖК Марш» сауда желілеріне картопты өткізген кезде сауда үстемесін тиісінше 5% және 20%-ға асырған.

Осы заңбұзушылықтардың нәтижесінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті аталған субъектілердің барлығын ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Жалпы, облыста мемлекеттік бақылау аясында жыл басынан бері 155 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 142 субъект әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесін негізсіз арттырған, 10 жағдайда баға көрсеткіштерінің сәйкес еместігі анықталған, 3 субъект сауда нысандарының жұмыс регламентін сақтамаған.

Нәтижесінде 40 кәсіпкерге ескерту беріліп, 115 кәсіпкерге жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу және өнімсіз делдалдық тізбектерді болдырмау мақсатында облыста делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Комиссия алгоритміне сәйкес сауда департаменті басқа мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылда.

– Бағаның негізсіз өсуін анықтау үшін Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп негізгі нарық субъектілерінің электрондық шот-фактураларын тұрақты түрде талдаймыз. Өндірушіден супермаркет сөресіне дейінгі тауар қозғалысы тұрақты бақылауда, – деді департамент басшысы Абзал Рахымбаев.

Жыл басынан бері комиссияның 57 отырысы өтті. Нәтижесінде 5 ірі сауда желісі және 32 көтерме жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Департамент мониторингіне сәйкес қарағандылық кәсіпкерлер ең көп сауда үстемесін бакалея өнімдеріне негізсіз қосады — жыл басынан бері 81 факт анықталған. Екінші орында — көкөніс өнімдері (51 факт).

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button