Қарағандылық боксшы Аида Әбікеева мен оның бапкері құрметке бөленді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бокстан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Аида Әбікееваны құттықтады. Чемпионға автокөлік сыйға тартылды, жеке бапкері Ислам Әбдраимовқа 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

– Аиданың жолы жастарға үлгі. Ол өзінің ерік-жігерімен және табандылығымен әлемдік шыңға апаратын жолдың туған жерден басталатынын дәлелдеді. Аида, біз сені мақтан тұтамыз! Алда сені бұдан да жарқын жеңістер күтіп тұр!, – деп атап өтті облыс әкімі.
Осы орайда аймақ басшысы құраманың бас бапкері Елдос Сайдалинге және Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Аиданың жеке тәлімгері Ислам Әбдірайымовқа ерекше алғыс білдірді.
– Сіздердің еңбектеріңіз, спортшыға деген сенімдеріңіз бен мамандыққа адалдықтарыңыз әлемдік деңгейдегі спортшыны тәрбиелеуге ықпал етті, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Аида Әбікеева көрсетілген құрмет пен қолдауға ризашылығын білдірді.
– Әлем чемпионатынан кейін кездесулер өте көп болып, толыққанды демалуға уақыт тапшы болды. Осындай зор қолдау үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Қазақстан халқына, туған жеріме ерекше ризамын. Бұл – маған туған елімнен тарту етілген екінші көлік. Алғашқысын наурыз айында Сербияда өткен әлем чемпионатындағы жеңістен кейін алған едім, – деді чемпион.
Аяулым СОВЕТ