АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда Конституцияның 30 жылдығы мен кеншілер күніне қандай іс-шаралар өтеді?

Елімізде 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні атап өтіледі. Биыл конституцияға – 30 жыл. Мерейтой аясында «Негізгі заңға 30 жыл: тәуелсіз мемлекеттің жоғары мәртебесі» форумы өтеді. Сонымен қатар, аймақта бір жыл ішінде 600-ден астам мәдени, спорттық, әлеуметтік іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

«Негізгі заңға 30 жыл: тәуелсіз мемлекеттің жоғары мәртебесі» атты облыстық форум 30 тамызда өтеді. Форум аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ведомстволық наградалар, ал мектеп түлектеріне облыс әкімінің гранттары табыс етіледі.

Мерекелік шаралар облыс бойынша өткізілмек.

Конституция күні қарсаңында жаңа әлеуметтік нысандар ашылады. 27 тамызда Абай және Бұқар жырау аудандарында бес фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылады. 28 тамызда Абай ауданында әлеуметтік әлсіз санаттағы азаматтарға және көп балалы отбасыларға 30 пәтер мен 20 үй кілті табысталады. 29 тамызда Үштөбе ауылында 200 орындық мәдениет үйі, ал Шахтинск қаласында автокартодром ашылады.

Облыста «Конституцияға 30 жыл – 30 ізгі іс» акциясы жалғасуда. Бастама аясында көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға және жалғыз басты зейнеткерлерге көмек көрсетіледі. Жыл бойы әділ қоғам идеяларын, «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілетуге, сондай-ақ заңға бағынатын азамат – «Адал азамат» бейнесін қалыптастыруға бағытталған 600-ден астам іс-шара жоспарланған.

Өңірде маңызды кәсіби мерекелерге де ерекше көңіл бөлінеді. Кеншілер күніне орай түрлі форматтағы 40-қа жуық іс-шара өтеді. Қарағанды, Шахтинск, Саран және Абай қалаларында отандық және шетелдік орындаушылардың қатысуымен ауқымды концерттер өтеді.

29 тамызда Кеншілер мәдениет сарайында 40-тан астам кенші мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталады. Кештің қонақтары – опера әншісі Дамир Садуақасов пен эстрада әншісі Владимир Кузьмин.

30 тамызда сағат 18.00-де Қарағандының Тәуелсіздік алаңында AYAU, Sadraddin, «Ирина Кайратовна» тобы және танымал ресейлік әнші Zivert қатысуымен үлкен концерт өтеді.

Концерт аяқталғаннан кейін қоғамдық көлікпен тасымалдау ұйымдастырылады.

Мереке кезінде Бұқар жырау даңғылы (ЦУМ-нан Н.Назарбаев даңғылына дейін) мен Әлиханов көшесі (Ерубаевтан Бұқар жырауға дейін) жабылады.

Мерекелік бағдарлама 31 тамызда Қарағанды Орталық саябағында жалғасады. Мұнда дәстүрлі «Ән айтамын, Қарағанды!» вокалдық байқауы, инклюзивті дуэттердің қатысуымен «Ерекше екі жұлдыз» фестивалі және «Қарағандылық вернисаж» арт-жобасы өтеді.

Бұл күні мерекелік концерттер облыс қалаларында өтеді:

– Шахтинск қаласында – 15: 00-де әкімдік алдындағы алаңда;

– Саранда – сағат 18:00 «Сұңқар» стадионында;

– Абай қаласында – сағат 18:00 қалалық саябақ алаңында.

Концерттерде қазақстандық эстрада жұлдыздары Айқын Төлепберген, ALEM және Мақпал Исабекова өнер көрсетеді. Мереке отшашумен аяқталады.

Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ басқарма басшыларына барлық іс-шаралардың уақытылы және сапалы жүргізілуін жеке бақылауға алуды тапсырды.

– Отандық және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен өтетін концертте уәкілетті органдар мұқият дайындалып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Біздің ортақ міндетіміз – қала тұрғындары мен қонақтары мереке күні тыныш серуендеп, көңіл көтере алатындай жағдай жасау. Әрбір жауапты орган өз міндеттерін бақылауда ұстауы тиіс.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button