Қарағандыда композитор Людмила Мельниковаға арналған мерейтойлық концерт өтті
Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында танымал композитор, ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі – Людмила Мельникованың 70 жас мерейтойына арналған академиялық музыка концерті өтті. Концерт Қарағанды қаласы әкімдігінің мәдениет бөлімі қолдауымен ұйымдастырылды.

«Мелодия судьбы» – «Өмір мен махаббат әуені» атты концерт бағдарламасында композитордың жарқын да әуезді авторлық шығармалары, аспаптық сюиталары Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрі (дирижері – Мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерей), Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Кең Дала» хоры (хормейстері – Бибігүл Сұлтанғазина), сондай-ақ, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері мен музыканттарының орындауында ұсынылды.
Людмила Мельникованың музыкалық кеші екі бөлімнен тұрды. Біріншісі – эстрадалық және академиялық. Концерт барысында Мейрамгүл Кәріпжанова мен К.Станиславский атындағы орыс драма театрының актері және режиссері Андрей Марычеваның орындауында автордың жүрекке әсер ететін өлеңдері де оқылды.
Сахнада Светлана Бойко «Весна» ариясын орындады. Сәбит Бексейітовтің сөзіне жазылған «Табиғат падишасы» шығармасын Сапан Фархат шырқады. Ерғазы Жазықбаевтың сөзіне жазылған «Көктемде» әнін тыңдарманға Гүлдана Мақшонова жеткізді. Филармония солистері Арайлым Жүкенова мен Ершат Қонақбаев Ғалым Мұкашевтың сөзіне жазылған «Қарағанды» әнін де әуелетті. Людмила Мельникованың «Я думаю о Вас», «Букет любимой», «Қош келдің, көктем!» атты романтикалық романс, әндерін автордың өзі және музыкалық комедия театрының солисті Денис Кудряшов орындады. Аспаптық музыка сүйер қауым үшін ішекті, үрмелі дуэттер мен трио, пианист Әлия Байырстанова өнер көрсетті.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



