Қарағандыда коммуналдық қызметтер жасанды интеллектпен бақыланады
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сапар барысында өңірде цифрлық трансформацияны жеделдету, IT-индустрияны дамыту және жасанды интеллекті экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізу мәселелері талқыланды.

Облыс әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, министр елдегі жетекші инженерлік компаниялардың бірі – KAZPROM AVTOMATIKA кәсіпорнында болып, жаңа цифрлық шешімдермен танысты. Компания автоматика, энергетика және өнеркәсіптік IT саласында толық циклді қызмет көрсетеді.
Техникалық директор Дмитрий Лепехов Қарағандыға арналған басты бастамалардың бірі – біріккен қалалық диспетчерлік орталық жобасын таныстырды. Бұл орталық су, жарықтандыру, жылумен қамту секілді коммуналдық қызметтердің жұмысын бір жүйеге біріктіріп, олардың ашықтығы мен әкімдік тарапынан бақылауын күшейтуді көздейді. Алғашқы пилоттық жоба Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде іске қосылады. Жаслан Мәдиев бұл бастаманың өзектілігін атап өтіп, оны республика көлемінде тарату мүмкін екенін айтты.

Сапар аясында министр IT-мектеп ашу жоспарланған алаңға барып, болашақта мамандарды дәстүрлі дәріссіз, «тең теңімен» қағидасы бойынша, жобалық жұмыс пен геймификация арқылы даярлау көзделіп отырғанын айтты. Сондай-ақ Қарағандыда TUMO Center ашу жоспарланып отыр. Бұл орталықта 12–18 жас аралығындағы оқушылар генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, 3D-модельдеу, анимация және робототехника бағыттары бойынша тегін білім алады. Жоба Astana Hub-пен бірлесіп жүзеге асырылады.

Жаслан Мәдиев «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігінің жұмысымен де танысты. Компания «Қауіпсіз қала», «Ақылды қала», «Цифрлық полиция», «Қауіпсіз мектеп» және ұлттық бейнебақылау жүйесі секілді ірі жобаларға қатысып келеді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев өңірде цифрлық трансформация жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, облыста Цифрлық трансформация картасы мен Ақылды қалаларды дамыту стратегиясы бекітілген, ал басты басымдық – басқарудың тиімділігін арттыратын нақты нәтиже беретін нейрондық желілер мен аналитикалық модельдерді тәжірибеде қолдану.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



