Жаңалықтар

Қарағандыда колледж студенті есірткі контрабандасы үшін 15 жылға сотталды

Қарағанды қаласында заңсыз есірткі айналымы және есірткі контрабандасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Сурет видеодағы кадрдан

Тергеу материалдарына сәйкес, колледж студенттерінің бірі Telegram мессенджері арқылы белгісіз куратормен байланысып, «жасырушы-курьер» және «қойма» міндеттерін атқаруға келіскен. Оның міндетіне берілген координаттар бойынша есірткіні алу, сақтау, бөліп орау, тасымалдау және қала аумағындағы жасырын орындарға орналастыру кірген. Айыпталушы күніне шамамен 30 қаптама жасырған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, айыпталушы Таиландтан Қазақстанға халықаралық пошта арқылы есірткі жеткізуді ұйымдастырған. Осы мақсатта ол 400 мың теңге сыйақы үшін Telegram арқылы кәмелетке толмаған дропперді тартып, поштаны оның атына рәсімдеген. Күдікті поштаны алу кезінде ұсталып, 909 грамм каннабис экстракты тәркіленген.

Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен қосымша 80 грамм есірткі табылған. Сонымен қатар, ұялы телефонды тексеру кезінде бір күн бұрын бірнеше қаптаманы жасырғаны анықталған. Берілген координаттар бойынша тағы 3,34 грамм каннабис экстракты тәркіленді.

Сот үкімімен айыпталушы 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button