Аймақ

Қарағандыда әкімнің орынбасары қызметінен кетті

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Майқұдықтағы екі бала зардап шеккен ойын алаңына қатысты аудан әкімінің аулаларды абаттандыруға жауапты  орынбасары Қойшыбай Сүлейменовті қызметінен шығаруға қатысты тапсырма берді.

 Қалада қауіпсіздікті күшейту үшін абаттандыру ережелерін қайта қарау керектігі айтылды.

– Өткен аптада бізде төтенше жағдай орын алды. Ересектердің немқұрайлылығынан екі бала зардап шекті. Мен барлығына бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын: ойын алаңдарын жөндегенде ең алдымен қауіпсіздік туралы ойланыңыздар! Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар, ештеңе құлап жатпауы керек! Мердігерлер асығыстық танытып, тезірек ақша тапқысы келеді, ал кейбір әріптестеріміз бұған көз жұма қарайды, – деді аймақ басшысы аппараттық кеңесте.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарына мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрады.

– Мұндай нәрселерге бұдан былай жол беруге болмайды. Абаттандыру ережелерін қауіпсіздікті арттыру бағытында қайта қарауды тапсырамын. Мысалы, неге жасанды көгалдың орнына тартан жабынын қолданбасқа. Мұның бәрін зерттеу керек, өзгерістер енгізу керек. Біздің мақсатымыз – қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету. Бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button