Қарағандыда киберқылмысқа қарсы кешенді күрес жүріп жатыр
Елімізде цифрландыру үдерісі күн сайын тереңдеп келеді. Банктік операциялар, мемлекеттік қызметтер, сауда-саттық пен күнделікті қарым-қатынас та интернет кеңістігіне көшті. Бұл – уақыт талабы. Алайда, осы ыңғайлылықпен бірге қоғам интернет-алаяқтық дейтін жаңа қауіппен бетпе-бет келіп отыр. Бүгінде бұл құбылыс тұтас қоғамдық қауіпсіздікке төнген елеулі қатерге айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтардың қауіпсіздігін, соның ішінде, цифрлық кеңістіктегі қорғалуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Киберқауіпсіздікті күшейту, қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру жөнінде тапсырма берді. Осы міндеттер аясында Қарағанды қаласында интернет-алаяқтықпен күрес жүйелі сипат алып отыр.

Статистиканың арғы жағындағы тағдырлар
Интернет-алаяқтық мәні жағынан дәстүрлі алаяқтықтан алшақ емес. Ол да алдау мен сенімді теріс пайдалануға негізделеді. Бірақ, виртуалды кеңістіктің ерекшелігі бұл қылмысты күрделендіріп, салдарын ауырлата түсуде. Анонимділік, физикалық қашықтық пен уақыттың жылдамдығы қылмыскерлердің әрекетін анықтауда қиындық туғызады.
Қарағанды қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Мұхамеджанов бұл жағдайды нақты деректермен түсіндіріп берді.
– Интернет-алаяқтық ең көп тіркелетін әрі ашылуы күрделі қылмыс түріне жатады. Қарағанды қаласының өзінде 1 777 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Әр фактінің артында адамның сенімі, жинаған қаражаты, бүкіл отбасының әл-ауқаты тұр, – дейді ол.
Аталған деректер интернет-алаяқтықтың қаншалықты кең таралғанын әрі оның әлеуметтік салмағын да аңғартады.
Интернет-алаяқтардың әрекет ету тәсілі әртүрлі болса да, ортақ ерекшелігі – адамға психологиясы арқылы қысым жасау. Көбіне алаяқтар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе прокуратура өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға жалған қоңырау шалады.
– Қаскөйлер ең алдымен қорқыныш тудырады. «Шотыңыздан күмәнді операция жасалуда», «ақшаңыз жоғалуы мүмкін» деген сөздер адамды асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Осындай сәтте азаматтар байқаусызда эмоцияға беріліп, өз ақшасын өзі алаяқтарға аударып жіберуі әбден мүмкін, – деп түсіндірді Бауыржан Мұхамеджанов.
Бұл тәсілдің қауіптілігі – барлық әрекеттің жәбірленушінің өз қолымен жасалатындығында.
Соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың ең қауіпті түрінің бірі – жалған инвестициялық жобалар. Әлеуметтік желілер мен интернеттегі жарнамаларда 20-50 пайыз, кейде, тіпті, 70 немесе 250 пайыз табыс уәде етіледі. Экономикалық тұрғыдан қисынсыз бұл көрсеткіштерге қарамастан, көптеген адам үмітке еріп, қаржысынан айырылып жатқанын атап айту керек.
Сала мамандарының айтуынша, алаяқтар үшін нақты цифрлардың шынайылығы маңызды емес.
Олардың мақсаты – адамның сенімін жаулау. Сайттағы «табыс» – көзбояушылық қана. Ақша ешқандай биржаға түспейді, барлығы бірден алаяқтардың қолына өтеді.
Технология – мүмкіндік әрі қауіп
Дерекке сүйенсек, қашықтан басқару бағдарламалары арқылы жасалатын алаяқтық та алаңдатарлық деңгейде. TeamViewer, AnyDesk, HopDesk секілді қосымшаларды орнатуға көндірген алаяқтар жәбірленушінің телефоны мен мобильді банкингіне толық қол жеткізеді. Бұған қоса, фишингтік сілтемелер, жалған SMS-хабарламалар, электрондық пошталар арқылы деректерді ұрлау әрекеттері де азаймай отыр.
WhatsApp пен Telegram арқылы бұзылған аккаунттардан «қарыз сұрау» тәсілі де әлі күнге дейін өзекті.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, интернет-алаяқтық құрбандарының басым бөлігі – 70 жастан асқандар. Қаржылық және цифрлық сауаттылықтың төмендігі, сенгіштік пен ақпаратты тексеру дағдысының болмауы бұл санаттағыларға қауіп төндіріп отыр.
Ал, бұл жағдай мамандарға профилактикалық жұмыстың бағытын айқындап беріп отыр.
Алдын алу – ең тиімді жол
– Біз қылмысты ашудан бұрын оның алдын алуға басымдық беріп отырмыз. Интернет-алаяқтықтың алдын алу – ең әуелі халықты ақпараттандыру, – деп атап өтті Қарағанды қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дүйсен Асқаров.
Бұл бағытта кеншілер қаласында ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Атап айтсақ, қаланың кинотеатрларында, LED-экрандарда тәулік бойы профилактикалық бейнероликтер көрсетіледі. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тұрақты түрде ескертулер жарияланады.
– Жолаушылар ағыны көп №53, 43, 118 және 146 маршруттары арнайы таңдалды. Ай сайын екі апта бойы №3 автопарк автобустарында бейнероликтер көрсетіледі. Сонымен қатар, QR-кодтары бар 1000 жадынама қоғамдық көліктерге орналастырылды, – дейді Дүйсен Қайратұлы.
Бүгінде қала аумағында интернет-алаяқтықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық баннерлермен безендірілген үш рейстік автобус жолға шыққан. Сауда-ойын-сауық орталықтары мен банкоматтар маңында полиция қызметкерінің 42 көлемді макеті де орнатылыпты.
Банк картасының деректерін бермеу, SMS-кодтарды хабарламау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды орнатпау сынды қарапайым қағидаларды біле жүру қажет-ақ.
Цифрлық дәуірдің көлеңкелі салдарымен күрес маусымдық шарамен шектелмейтіні тағы рас. Қарағанды қаласында іске асырылып жатқан кешенді жұмыстар Мемлекет басшысы тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Жасырын қауіппен ашық күресте қырағылықтан танбайық!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



