АймақҚарағанды

Қарағандыда кезектен тыс сессияда маңызды әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылданды

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен кезектен тыс XXX сессияда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Сессия отырысына депутаттар мен облыстың тиісті басқармаларының басшылары қатысып, өз саласы бойынша ұсыныстар мен түсіндірмелерін ұсынды. Сессия барысында облыстық бюджетті нақтылау, ауызсу тарифін бекіту, Балқаш қаласындағы бірқатар құрамдас бөліктерді қайта атау, табиғатты пайдалану саласындағы бұрынғы шешімдердің күшін жою және мәслихат аппаратының 2025 жылға арналған қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Өзекті мәселелер өрісінде

Кезектен тыс сессия барысында депутаттар алдымен Қарағанды облыстық мәслихатының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы XX сессиясының №234 «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесін талқылады. Бұдан кейін облыс бойынша ауызсуды беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізілген нысандардан берілетін ауызсудың бір текше метріне төлемақы мөлшерін бекіту ұсынысы қаралды. Сондай-ақ, депутаттардың талқылауына Балқаш қаласындағы бірқатар құрамдас бөліктерді қайта атау мәселесі мен Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы ХХ сессиясының №362 шешімінің күші жойылды деп тану туралы бастама ұсынылды. Сонымен қатар табиғатты пайдалану саласына қатысты кейбір бұрынғы шешімдерді күшін жою және 2024 жылғы 12 желтоқсандағы ХХ сессияның №245 шешіміне өзгеріс енгізу мәселесі де қаралды.

Мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов жиынды кіріспе сөзімен ашып, депутаттар алдында бюджет жобасының ерекшеліктерін жан-жақты баяндады.

– Бүгін сіздердің қарауыңызға 2025 жылға арналған нақтыланған бюджет жобасы ұсынылып отыр. Бұл жоба ағымдағы жылдың орындалу нәтижелерін ескере отырып әзірленді. Біз қаражатты бөлуде цифрларға ғана емес, тұрғындардың тұрмыс жағдайына, әлеуметтік қамқорлыққа, инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігіне назар аудардық, – деп бастады Нұркен Сайфиддинұлы.

Төраға өз сөзінде бюджет қаражатының тиімділігі мен үнемділігі басты мақсат екеніне ерекше тоқталды. Ол әкімшілердің ұсынысы бойынша қаражат толық көлемде игерілуін қамтамасыз ету, жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыру үшін нақты бақылау шаралары енгізілгенін айтты.

Сонымен қатар, мәслихат төрағасы депутаттарға облыстың қаржы саясатының тұрақтылығын және әлеуметтік маңызды жобаларды қолдауды атап көрсетті.

– Бюджет – әр отбасының өмір сапасын арттыруға арналған нақты құрал. Қаражаттың әр теңгесі халыққа тиімді жұмсалуы тиіс. Мәселен, Осакаровка кентінде екі 18 пәтерлі тұрғын үйді аяқтау – құрылыс жүргізу ғана емес, бұл – отбасының баспаналы болуына, жас отбасылардың тұрақтылығына жасалған қадам. Сол сияқты «Қарағанды-Балқаш» пойызы да өңірдің әлеуметтік байланысын нығайтып, экономикалық дамуға серпін береді, – деп атап өтті облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.

Сонымен қатар, Дулат Кәрімұлы нақты қаражат бағыттарын да жариялады.

Олар – құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына – Осакаровка кентінде екі 18 пәтерлі тұрғын үйді аяқтау, энергетика және ТКШ – Шет ауданындағы қосалқы станциялар мен электр желілерін жөндеу, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына – әлеуметтік маңызы бар тасымалдарды субсидиялау және «Қарағанды-Балқаш» жаңа пойызын іске қосу, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына – жер-кадастрлық жұмыстарды аяқтау және баға тұрақтандыру, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына – Бертіс шығанағын тазалау, орман қызметкерлеріне үстемақы төлеу, туризм басқармасына – туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында бизнес шығындарының бір бөлігін субсидиялау, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына – ведомстволық ұйымдардың коммуналдық қызметтері мен іс-шараларды өткізу және полиция департаментіне – тұрғын үй төлемдерін қаржыландыру.

Одан бөлек, басқарма басшысы қосымша қаражат бөлу жаңа мемлекеттік сатып алу конкурстарын талап етпейтінін және әкімшілердің бөлінген қаражатты қаржы жылы аяқталғанға дейін толық игеруге дайын екенін жеткізді.

Ауызсу тарифі мен табиғи ресурстар

Талқылаудың өзекті тақырыбы – ауызсудың субсидияланатын тарифі болды. Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев жаңа мөлшерлеменің әрі экономикалық негізде әзірленгенін түсіндірді.

Жаңа мөлшерлеме 2022 жылғы №180 шешімнің күшін жояды. Бұрынғы норматив ерекше маңыздағы топтық және жергілікті жүйелерге қатысты еді. Тарифтің өсуі Сәтбаев каналы арқылы берілетін техникалық судың қымбаттауымен және жаңа Су кодексінің күшіне енуімен байланысты. Нақты тарифті «Қарағанды Су» кәсіпорны Табиғи монополияларды реттеу департаментінде қорғайды. Бұл – шешім су бағасының тікелей өсуін білдірмейді, керісінше, субсидиялау механизмін заңнамаға сәйкестендіру.

Жиында табиғи ресурстарды реттеу мәселелері де талқыланды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев 2018 жылғы жер үсті және жер асты су объектілерінен су алу ережесін жою және облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерін күшін жойды деп тану бастамасын таныстырды. Бұл өзгерістер экологиялық талаптарды жаңарту және заңнамалық сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Нысандарды қайта атау маңызды

Комиссия отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселе – Балқаш қаласындағы нысандарды қайта атау. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева бұл өзгерістердің республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысымен бекітілгенін атап өтті.

– Республикалық комиссия шешімі бойынша қаланың 9 нысанының атауы өзгереді. Атап айтсақ, 10 шағын ауданға – Ер Жәнібек батыр есімін, 90 орамға – Бейбітшілік, Цветочный тұйық көшесіне – Қызғалдақ, Станционная көшесіне – Жолашар, Мехколонна орамына – Мирас, Қ.Сәтбаев көшесіне – Серпін, «ВЛКСМ-ге 30 жыл» саябағын – «Достық» атауымен қайта атау және Садык Мухамеджанов шағын ауданы атауын – Сыдық Мұхамеджанов шағын ауданы, К.Сатпаев шағын ауданы атауын – Қаныш Сәтбаев шағын ауданы деп транскрипциясына өзгеріс енгізу туралы облыстық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімі жобасы әзірленді. Қазіргі таңда кәсіпкерлік палаталарынан, Қоғамдық Кеңес, жоғары оқу орындары тарапынан тиісті сараптамалар алынды, – деді Алма Шалабаева.

Қоғамдық тыңдауларға 413 тұрғын қатысып, оның 410-ы ұсынысты қолдаған. Бұл қадам тек формальды өзгеріс емес, тарихи тұлғаларды құрметтеу және өңірдің мәдени келбетін жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Ер Жәнібек Бердәулетұлы, Қаныш Сәтбаев, Сыдық Мұхамеджанов сияқты тұлғалар атауы қалпына келтіріліп, жас ұрпаққа үлгі болып отыр.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button