Спорт

Қарағандыда каратэден ел чемпионаты өтіп жатыр

Қарағандыда каратэден (WKF) жастар және жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды. Дүбірлі додаға 15 облыстан 700-ге жуық спортшы қатысып, өнерлерін ортаға салуда. Айта кетейік, аталған чемпионат төрт күнге созылады. Турнирдің ашылу салтанатына дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетің атқарушы Берік Досымбеков қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Сонымен қатар, құрметті қонақтар қатарында Қазақстан каратэ Одағы-Федерациясының вице-президенті Болат Хавлахат, Мемлекеттік жаттықтырушы және Қазақстан каратэ федерациясының атқарушы  директоры Майя Баймаганбетова мен Қазақстан каратэ федерациясының бас хатшысы Асқар Молдағали да арнайы қатысты.

– Әуелі киелі Сарыарқа жерінде қош келдіңіздер! Бүгінгі күн – әр спортшы үшін аса маңызды белес. Каратэ (WKF) – бұқаралық сипатқа ие, кең қанат жайған спорт түрі. Сондықтан, бүгінгі сәт – жай ғана кезекті жарыс емес, ертеңгі тарихтың бастауы. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Берік Мырзаұлы.

Жарыстың алғашқы күні 15-20 жас аралығындағы жасөспірімдер татамиде өзара күш сынасты. Ал, екінші күні 15-17 жас санатындағы ұлдар мен қыздар арасында бәсекелер басталған. Солардың қатарында қарағандылық Карина Ахметова да бар. Жерлесіміз 16-17 жас санатында сынға түсіп, алтыннан алқа тақты.

– Ақтық кезеңге дейін үш жекпе-жек өткіздім. Қарсыластарым осал емес. Ақтық кезеңде атыраулық спортшымен кездесіп, жеңіске жеттім. Бұған дейін біршама байрақты турнирлерге қатысқанмын. Соның басым бөлігінде тұғырдан көріндім. Осы турнирдің өтетінін естіп, бір ай бұрын тыңғылықты дайындалдым, – деді спортшы.

Сонымен қатар, 47 келі салмақта 14-15 жастағы санатта сынға түскен тағы бір жерлесіміз Аревика Зограбян да қарсылас шақ келтірмеді. Ол да ақтық кезеңге дейін үш кездесу өткізген. Ақтық кезеңде шымкенттік спортшыны жеңіп, облыс қоржынына алтын жүлде салды. Байрақты бәсеке әлі де жалғасуда.

Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ  IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button