Жаңалықтар

Қарағандыда кәріз құбырын ауыстыру кезінде 18 және 41 жастағы жұмысшылар көз жұмды

Бүгін таңертең Қарағандыда оқыс оқиға орын алды. Шахтерлер даңғылында кәріз желілерін төсеу барысында траншеяның топырағы опырылып түсіп, екі жұмысшыны көміп кеткен. Қайтыс болғандардың бірі – 18 жаста, екіншісі – 41 жаста. Олар мердігер ұйым – «НС Система» ЖШС қызметкерлері болған.

Сурет “Вечерняя Караганда”. Видеодан скриншот

Өкінішке қарай, жұмысшыларды дер кезінде құтқарып үлгермеген. Олар жер астында қалып, тұншығып көз жұмды. Дәрігерлердің құтқарып қалуға тырысқан әрекеттері нәтиже бермеді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Қарағанды Су» компаниясы марқұмдардың мердігер ұйым – «НС Система» ЖШС жұмысшылары екенін хабарлады. Алайда аталған компанияның директоры Асет Мукаев олардың өз қызметкерлері еместігін мәлімдеді.

– Бізге жеткен деректерге сәйкес қаза болғандардың аты-жөні біздің тізімде жоқ. Сондықтан олардың компания қызметкерлері еместігін растаймыз. Өзге ақпарат бізде жоқ, – деді директор.

Соған қарамастан, ол қайғылы оқиға компания нысанында болғандықтан, жерлеу шығындарын өз мойнына алатынын айтты.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button