Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыда көлік қозғалысы қиындады

Қарағандыға алғашқы қар түсті. Бірнеше сағат бойы толассыз жауған ақ ұлпа қала көшелерін қалың жамылғыға орады. Күре жолдарда көлік қозғалысы қиындаған соң коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысқа кірісті. Қала жолдарын қардан тазалау үшін 170 арнайы техника мен жол жұмысшыларының бригадасы тартылды. Сонымен қатар, полиция да күшейтілген қызмет тәртібіне көшкен. Тәртіп сақшылары жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүргізушілерді сақтық шараларын қатаң ұстануға шақыруда.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, алдағы күндері ауа райы күрт бұзылып, қарлы боран мен көктайғақ түседі. Осыған орай, қалалық коммуналдық қызметтер тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырмақ. Жолдарды уақытылы тазалап, өңдеу жұмыстарын жалғастыра бермек.

– Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Барлық бағыттарда экипаждар саны көбейтіліп, жүргізушілермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мамандары.

Департамент мамандарының дерегіне сүйенсек, 4 қарашаның бірінші жартысында қала аумағында шамамен 30 ұсақ жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың басым бөлігі жылдамдық режимін және арақашықтықты сақтамағанның салдарынан болған. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге ерек-
ше сақтық танытуды ескертеді. Мамандар көлік арасындағы қашықтықты сақтау, шұғыл маневр жасамау және жолға шығар алдында дөңгелектерді мұқият тексеру қажеттігін қатаң түрде тапсыруда. Сонымен қатар, төтенше жағдай немесе жол-көлік оқиғасы туындаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласу қажеттігін айтады.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button