Қарағандыда көпсалалы конференция өтті
Қарағанды қаласында «Жұмыс істейтін халықтың денсаулығын басқарудың инновациялық технологиялары: көпсалалы тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл шара Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Конференцияға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген мамандармен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінің еңбекті қорғау және еңбек гигиенасы саласындағы жетекші ғалымдары қатысты. Бұл жиын аймақтағы кәсіби патология мәселелерін талқылауға, халықаралық тәжірибе алмасуға және жұмыс істейтін халықтың денсаулығын жақсарту бағытында жаңа ғылыми шешімдерді ұсынуға бағытталды.
Конференция жұмысын Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының Басқарма төрағасы – директоры, медицина ғылымдарының докторы Ертай Отаров ашты. Орталықтың 1958 жылдан бері Қазақстанда кәсіби аурулар, еңбек гигиенасы және медициналық экология бағытында ғылыми зерттеу және клиникалық көмек көрсетіп келе жатқан бірегей ұйым екенін атап өтті.Ұлттық орталықтың деректеріне сәйкес, елімізде зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін 491 мыңнан астам адам бар. Өндірістік факторлардың әсеріне байланысты тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары, вибрациялық синдром, есту қабілетінің төмендеуі, тірек-қимыл аппараты аурулары жиі тіркелетін кәсіби патология түрлері саналады.
Бүгінде орталық ғылыми кадрлар даярлау, өңірлік филиалдарды қалпына келтіру, зертханаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, телемедициналық кеңес беру жүйесін енгізу жұмыстарын күшейтіп жатыр.

Конференция барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай сөз сөйледі:
– Қазіргі таңда Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар, олардың шамамен 15 мыңында мүгедектік кәсіби аурулар мен еңбек жарақаттарының салдарынан пайда болған. Қазақстандағы кәсіби аурулар бойынша жүргізілген статистика омыртқа мен өкпе ауруларының, вибрациялық патологияның және есту қабілетінің төмендеуінің кең таралғанын көрсетеді. Жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғау жүйесі көп деңгейлі құрылымға негізделген және қаржыландыру көздері бойынша әртараптандырылған. Мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы әлеуметтік әріптестік тек әлеуметтік қорғау жүйесінің ғана емес, еңбек қауіпсіздігін басқарудың да іргетасы. Осыған орай профилактикалық шараларды цифрлық әрі жекелендірілген деңгейге шығарып, оны үздіксіз жүргізу міндеті тұр, – деді Виктория Шегай.
Заманауи технологиялық өзгерістердің ішінде үш негізгі бағыт ерекше көзге түседі.
Біріншісі – цифрлық диагностика мен мониторинг. Денеге тағылатын сенсорлар, мобильді қосымшалар мен телемедицина жүйелері адамның денсаулық көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Екіншісі – жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау. Бұл технологиялар клиникалық бақылаумен байқала бермейтін заңдылықтарды анықтап, кәсіби аурулардың алдын ала болжамын жасауға, еңбек жағдайының денсаулыққа әсерін бағалауға негіз береді. Үшіншісі – виртуалды жаттықтырушылар мен денсаулыққа қолдау көрсететін цифрлық платформалар. Мұндай жүйелер жұмыскерлерге өз денсаулығына жайлы әрі қолжетімді түрде қамқор болуға мүмкіндік береді.
Денсаулықты тиімді басқару медицина, психология, қауіпсіздік инженериясы, цифрлық технологиялар және HR салаларының бірлескен жұмысын талап етеді.
Инновациялық шешімдер толыққанды экожүйе құрамында ең жоғары нәтиже береді. Бұл жүйеге қызметкердің денсаулық профайлы, кәсіби тәуекелдерді бағалау құралдары, күйзелістің алдын алу бағдарламалары, жеке профилактикалық жоспарлар, сондай-ақ денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тренингтер кіреді. Денсаулықты басқарудың жаңа технологияларын енгізу аурушаңдықтың төмендеуіне, еңбек өнімділігінің артуына, кәсіби тәуекелдердің азаюына және корпоративтік мәдениеттің нығаюына алып келеді.

Конференция аясында еңбек гигиенасы, кәсіби патология, токсикология, биомониторинг, медициналық экология және өндірістік тәуекелдерді бағалау бағыттары бойынша ондаған ғылыми баяндама ұсынылды.Халықаралық сарапшылар өз зерттеулерінің нәтижелерін бөлісіп, жаңа клиникалық әдістемелер мен цифрлық шешімдердің тиімділігін дәлелдейтін деректерді ұсынды.

– Мен Академик Измеров атындағы Еңбек медицинасы ғылыми-зерттеу институтын таныстырамын. Бұл – әлемдегі кәсіби денсаулықты сақтау бағытында жұмыс істейтін ең көне әрі жетекші ғылыми орталықтардың бірі.Мұндай жоғары деңгейде, кәсіби түрде ұйымдастырылған конференцияға қатысу – үлкен жауапкершілік. Бұл басқосу мазмұнды баяндамалармен, жаңа таныстықтармен, тың бағыттармен жалғасып, жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Соңғы он–он бес жылда посткеңестік кеңістікте ғылымды біріктіру үрдісі қайта жанданып келеді. 90-жылдары және 2000-жылдардың басында әр ел, әр ғылыми орталық өз бетінше дамуға тырысты. Әр мекеменің өз тәжірибесі, өз зерттеулері, өз әдістемесі бар. Бір орталықта бар ғылыми жаңалық екіншісінде болмауы мүмкін. Сол себепті тәжірибе алмасу, бірлесіп зерттеу жүргізу біз үшін өте құнды, –деді Ресей Федерациясынан келген делегация атынан медицина ғылымдарының докторы,академик Измеров атындағы Еңбек медицинасы ғылыми-зерттеу институтының халықаралық ынтымақтастық және ақпараттық саясат бөлімінің меңгерушісі Евгений Шиган.
Ұлттық орталықтың Сенат шешімімен кәсіби патология және еңбек гигиенасы саласына зор үлес қосқан көрнекті ғалымдарға «Құрметті профессор» атағы табысталды. Бұл марапат саладағы көпжылдық еңбектің, ғылыми ізденістің және еңбек адамының денсаулығын қорғауға қосқан үлестің жоғары бағаланғанын көрсетті.

Қарағандыда өткен халықаралық конференция еңбек қауіпсіздігі, кәсіби аурулар профилактикасы және жұмыс істейтін халық денсаулығы саласындағы маңызды мәселелерді қамтыды. Инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді күшейту, цифрлық мониторингті дамыту және көпсалалы тәсілдерге көшу – Қазақстандағы еңбек медицинасын жаңа деңгейге көтеретін негізгі бағыттар ретінде атап өтілді.
Жамал АКПАРОВА



