Қарағандыда көпқабатты үйдің шатырына кірпіш қойған жасөспірім анықталды
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаны тексеру барысында көпқабатты үйлердің шатырларына кірпіш қойып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жасөспірімді анықтады.

–Тәртіп бұзушы 15 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ол заңды өкілімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, мектеп ішілік есепке алынды. Ал оның заңды өкіліне қатысты «Кәмелетке толмағанның бұзақылығы» бабымен әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданды, – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті. Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген құқық бұзушылық дереу анықталып, заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады.
Аяулым СОВЕТ