Қарағандыда көкпардан «Сарыарқа» кубогі өтті

Республика күніне орай арнайы Қа- рағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Үштөбе» атшабарында көкпардан дәстүрлі «Сарыарқа кубогі» өтті.

Дүбірлі додада еліміздің түпкір-түпкірінен 6 ко- манда топқа түсіп бақ сынасты. Оның ішінде Астана қаласының құрамасы, сонау Павлодардан келген құрама және Қарағанды облысының «Бәйтерек», «Көрпетай», «Бабай», «Шахан» командалары.

– Жалпыкомандалық ойынның қызығы да осы. Көк серкені кере тартқан апайтөс, жауырыны жалпақ жотадай, мойны бір жуан бұқадай палуан жігіттердің қарқыны сен тұр, мен атайын. Әуелі қарағандылық қос команда «Бәйтерек» пен «Көрпетай» өзара додаға түсті. Ойын басталысымен «Бәйтеректің» Рамазан Шалғынбаев, Жалғас Боранов, Еркебұлан Тауасар деген белді ойыншылары қарсылас команданың серке тартуына мұрша бермеді. Ақыры бірнеше минутқа жеткен ойын нәтижесі «Бәйтеректің» есебіне 6:0 болып шешілді. Бұдан кейін, Астана қаласынан келген команда алаңға шықты. Оларға қарсы «Көрпетай» командасы өнер көрсетті. Екеуара ойын өте тартысты өтті. Бұл додада «Астана» командасы қарағандылық «Көрпетай» командасын тас-талқан етіп жеңді. Есеп 7:0. Астананың еншісінде кетті жеңіс. «Шахан», «Павлодар», «Бабай» командалары өзара тартысып ақыры ақтық сынға «Бабайды» 7:0 есебімен жеңіп «Павлодар» командасы «Бәйтерекпен» шықты. «Бәйтерек» көкпар командасының ойыны әрине көптің назарында. Оңтүстікте «Құлагер», «Әулиеата» сынды атағы бар ірі командалар болса, бүгінде қарағандылық «Бәйтерек» сондай дәрежеге жету жолында аянып қалмақ емес. Оған дәл мына «Сарыарқа кубогі» куә. Жыл артып палуаны да әлді, аттары да белді. Сонымен, «Сарыарқа кубогін» «Бәйтерек» көкпар клубы қанжығасына байлады.

Ал, II орынды «Павлодар» командасы алды. III орын «Астана» командасының еншісінде. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар һәм сол додаға төрелік еткен төрешілер «Үздік қорғаушы» атағына «Бабай» командасының ойыншысы Анияр Бердалиновті лайық көрді. Доданың «Үздік тұлпары» аталымы «Бәйтерек» командасының Ақжал атты сәйгүлігіне берілді. Ал, жалпы ойындық есепте «Үздік шабуылшы» аталымын «Бәйтерек» командасының шабуылшысы Еркебұлан Тауасар алды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.