Қарағандыда ірі көлемде есірткі сатушылар ұсталды
Қараша айының соңында облыстың полиция қызметкерлерімен прокуратураның бірлескен жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 41 мен 53 жастағы Қарағанды қаласының тұрғындары ұсталды. Ұсталғандар қала аумағында есірткі сатуды ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Жедел әрекеттердің нәтижесінде заңсыз айналымнан 7 келі 630 г. гашиш тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес оның есірткі заты екені белгілі болды.
Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабы 3 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткі заттарын сату ауыр қылмыс санатына жататынын және ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.
Жыл басынан бастап Қарағанды облысы аумағында есірткі заттарын тарату және граффити суреттер арқылы жарнамалаудың бес дерегі анықталып, ұсталғандар жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, облыстың полицейлерімен ірі көлемде есірткі зертханасы жойлып, 1 тоннадан астам прекурсорлар және 10 келіден астам дайын есірткі заты тәркіленді.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.