Қарағандыда өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан әйелдер марапатталды
Көктемнің жаймашуақ күндерімен бірге келетін 8 наурыз мерекесі – мейірім мен ізгіліктің, аналарға деген шексіз құрметтің символы. Облыс әкімдігінде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан әйелдерге арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шара барысында қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген ардақты аналар мен белсенді әйелдерге құрмет көрсетіліп, мемлекеттік наградалар табысталды.

Мерекелік кездесуде сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әйелдердің қоғамдағы рөлі мен маңызын ерекше атап өтті.
– Анаға құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз. Ұлтымыздың дүниетанымында ананың орны айрықша. Сұлулық, нәзіктік, мейірімділік пен шапағат шуағы – бәрі анадан басталады. Әр адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат жан жоқ. Бәріміз де өмір жолында «Анам айтып еді» деген сөзді жиі еске аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аналарға арналған мерекелік іс-шарада сөйлеген сөзінде: «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деп атап өткен болатын. Бұл сөздің мәні өте терең. Өйткені ұлттың болашағы ең алдымен, ұрпақ тәрбиесінен басталады. Ал, сол тәрбиенің негізін қалайтын – ана. Әрбір жетістікке жеткен азаматтың артында ананың мейірімі, ананың ақылы мен ананың сенімі тұрады. Сондықтан, әр перзенттің жетістігі – ана махабатының жемісі деуге толық негіз бар, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде облыста әйелдер 53 мыңға жуық кәсіпорынды басқарып отыр. Бұл – өңірдегі барлық бизнестің жартысына жуығы. Сонымен қатар, жыл сайын шамамен 300 әйелдер жобасы қаржылай қолдау алып келеді. Өткен жылы ғана әйелдер бизнес ашу және кеңейту үшін жалпы сомасы 278,4 миллион теңгеге 177 грант иеленген.

Алқалы жиын аясында қоғам дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар аналар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Екі анаға «Алтын алқа», тағы екі анаға «Күміс алқа» табысталып, Мемлекет басшысының құттықтау хаттары салтанатты түрде тапсырылды.
Кездесуде қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің пікірлері де ортаға салынды. Жиынға аймақтың екі ірі жоғары оқу орнының ректорлары – Қарағанды политехникалық университетінің ректоры Сауле Сағынтаева мен Қарағанды медициналық университетінің ректоры Бақыт Көшерова қатысты. Олар ғылым мен білім саласында жас мамандарды даярлау, цифрландыру дәуірінде жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолданатын ұрпақ қалыптастыру жөнінде сөз қозғады.

Жиынға талантты жастар да қатысты. Олардың қатарында халықаралық робототехника жарыстарының жеңімпазы, «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушысы Дидар Әлімбет, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп бар. Жастар атынан сөз сөйлеген ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Салтанат Қайырбекқызы қазіргі буынның жаңа бастамалары мен қоғам дамуына қосар үлесі туралы ой бөлісті.
– Ең алдымен, бізге сенім білдіріп, жастардың бастамаларын қолдап жүргеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі кездесуде жастардың жетістіктерін атап өтіп, бізге ерекше құрмет көрсеткендеріңіз – біз үшін үлкен қолдау әрі жауапкершілік. Қазіргі қоғамда жастар тек білім алып қана қоймай, жаңа идеялар ұсынып, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылып келеді. Біз де өз кезегімізде шығармашылықта, ғылымда, кәсіпкерлікте және қоғамдық өмірде белсенді болып, еліміздің дамуына адал қызмет етуге дайынбыз, – деді ол.
Кездесу барысында мәдениет, кәсіпкерлік, отбасы құндылықтары және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де қозғалды. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының вокалист-әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Елена Федорова мәдениет пен өнердің қоғамдағы орны туралы айтты.

Ал, кәсіпкер, Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Наталья Арыстанова өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы мен әйелдердің қоғамдағы белсенділігі жөнінде пікір білдірді. Көпбалалы ана әрі кәсіпкер Венера Мұқашева отбасы құндылықтарын сақтай отырып, кәсіпкерлікпен айналысудың маңызын атап өтті. Әрі қарай құқық қорғау саласында қызмет ететін әйелдердің еңбегі де ескерусіз қалмады. Полиция, төтенше жағдайлар қызметі және қылмыстық-атқару жүйесінде ерлермен тең дәрежеде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан әйелдерге де ілтипат көрсетілді.

Мерекелік жиын соңында облыс әкімі өңір әйелдерін көктем мерекесімен тағы да құттықтап, денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбекте табыс және отбасыларына амандық тіледі.

Жиын Кеншілер мәдениет сарайындағы мерекелік концертке ұласты. Онда облыс әкімі жиналған аруларды көктем мерекесімен құттықтап, аналар мен әйелдер қауымының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Концерт бағдарламасында өңірдің танымал өнерпаздары, мәдениет саласының қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Сондай-ақ, сахна төрінде эстрада жұлдыздары – «МузАрт Life» тобы өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



