Қарағандыда инклюзивті кәсіби білім беру іске қосылды
Қарағандыда аутизм, Даун-синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер тегін кондитер мамандығын үйрену мүмкіндігіне ие болды. Бұл жоба бұған дейін тек Астанада жүзеге асырылған республикалық «Оқу-өндірістік комбинаттар» бағдарламасына қосылу арқылы іске асып отыр деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Курстар Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің базасында ашылған. Оқушылар кондитерлік іс бағытында арнайы бағдарлама бойынша оқытылады.
Бүгінгі таңда алғашқы топқа қабылдау жүріп жатыр – 10 адам. Оқу мерзімі – алты ай. Барлық қатысушылар мемлекеттік үлгідегі куәлікті алуға мүмкіндігі бар. Колледж оқу-өндірістік жабдықтармен және инклюзия негізіндегі дайындықтан өткен педагогтармен қамтамасыз етілген.

– Біздің барлық шеберлер мен оқытушылар инклюзивті оқытудың базалық қағидаларын меңгерді. Балалардың ерекшеліктерін ескере отырып, біз олар үшін барынша жайлы әрі қауіпсіз орта құруға тырысамыз деді,- колледждің оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі директорының орынбасары Диляра Апсалямова.
Бұл жобаны жүзеге асыру бастамасын «Bolashak Charity қоры» көтерген. Қор балабақшалар мен мектептерде инклюзия кабинеттерін ашып, қолдау көрсетумен айналысып келген. Алайда түлектердің әрі қарай білім алу немесе кәсіп меңгеру мүмкіндіктері шектеулі екендігі байқалған.

– Колледждер мен жұмыспен қамту орталықтары ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдерді қабылдауға дайын емес еді: бейімделген бағдарламалар да, арнайы мамандар да жоқ, ата-аналар да қайда жүгінерін білмеді. Сондықтан біз ОӨК (оқу-өндірістік комбинат) құруды бастадық – мұнда ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер базалық кәсіби машықтарды, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды үйреніп, ерте кәсіби бағдардан өте алады деді,- қордың әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар жетекшісі Самал Әлбілекова.
Курс барысында жастар кондитерліктің негізгі технологияларын ғана емес, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды да меңгереді: ас әзірлеу, тазалық сақтау, ас үй жабдықтарын қауіпсіз пайдалану.
Курс соңында қатысушылар ішкі біліктілік комиссиясынан өтеді және қызығушылық білдірсе, колледжде оқуын жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

Бұл жоба – жасөспірімдерге өз жолын табуға, мамандыққа сенімді түрде қадам жасауға көмектесетін әлеуметтік пилоттық бағдарлама. Қатысуға 13-18 жас аралығындағы әртүрлі диагнозы бар балалар шақырылады: аутизм, Даун синдромы, Туретта синдромы, эпилепсия, психикалық немесе сөйлеу дамуының тежелуі және басқа да ерекшеліктер.
Тіркелу сілтемесі: https://forms.gle/KfGKKfqfYpzfrugk7
Жамал АКПАРОВА



