Спорт

Қарағандыда инклюзивті футбол матчы өтті

Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытындағы игі істер жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары инклюзивті спорттың қарқынды дамуы – осы еңбектің нақты нәтижесі. Соның бір дәлелі, күні кеше қарағандылық «НОДА» футбол командасы өз алаңында елордалық «Astana UNI» ұжымын қабылдап, инклюзивті жолдастық кездесу өткізді. Оған Қазақстан футбол федерациясының өкілі, «UNI Football League» лигасының басшысы Шыңғыс Темерханов арнайы келіп, ықыласын білдірді.

Сурет QOFA

Жалпы, елімізде тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арасында футболды дамыту мақсатында 2019 жылдан бері арнайы әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама – ерекше қажеттіліктері бар балаларды бұқаралық спортқа жүйелі түрде тартуға бағытталған алғашқы ұзақмерзімді жобалардың бірі. Осы мақсатқа сай жыл сайын түрлі деңгейдегі жолдастық кездесулер ұйымдастырылып, ерекше балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып келеді. Биыл да аталған жоба жалғасын тауып, Қарағандыда жүзеге асырылуда.

– Біз үшін бұл матчтың маңызы ерекше. Бұл – шынайы инклюзияны көрсететін әрі маңызды әлеуметтік жоба. Кездесуді ұйымдастырып, инклюзивті футболды қолдағаны үшін Қазақстан футбол федерациясына және «Шахтёр» футбол клубына алғысымды білдіремін. UNI Football League жобасы екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің әр өңірінде тоғыз секция аштық. Біздің мақсат – әр баланың футбол қауымдастығының бір бөлігі болуына мүмкіндік жасау, – деді Шыңғыс Темерханов.

Қарағандылық «НОДА» клубының сапында тірек-қимыл аппараты бұзылған және ДЦП диагнозы бар балалар доп тепті. Ал, елордалықтардың командасы даун синдромы, аутизм және өзге де ерекше қажеттіліктері бар балалардан жасақталған.

– Бұл жолдастық кездесу, ең алдымен, балалардың жасыл алаңда өздерін еркін сезініп, бойындағы сенімді оятуға мүмкіндік береді. Ерекше балалармен жұмыс істеу – тек жаттықтыру үрдісі емес. Ол уақытты, табандылықты, сенімді және шексіз қолдауды талап ететін үлкен іс. Нағыз өзгеріс жаттықтырушы, бала және ата-ана бір бағытқа жұмылып, бір командаға айналған сәтте ғана туады. Бір кездері көпшілік олардың даму қарқынына күмәнмен қарап, мүмкіндіктерін шектеп келген еді. Бірақ, бұл балалар өз еңбегімен, табандылығымен күмәннің бәрін сейілтіп, керісінше, биік белестерге жете алатынын дәлелдеп шықты. Демек, біз басталған жолымыздан жаңылмай, дұрыс бағытта ілгерілеп келеміз», – деді «Astana UNI» командасының жаттықтырушысы Пётр Марченко.

Жолдастық кездесу болғанына қарамастан, ойын ерекше тартысты өтті. Ойыншылар матчтан зор әсер алып, өз эмоцияларымен бөлісті. Әр қатысушы жеңіс үшін бар күш-жігерін салып, футболға деген ынта мен шеберлігінің жоғары екенін көрсетті. Қос команда арасындағы жолдастық кездесу 7:4 есебімен қарағандылықтардың пайдасына шешілді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button