Бас тақырыпСпорт

Қарағандыда халықаралық матчтарға жол ашылады: “Шахтер” стадионы жаңаруда

Қарағанды қаласындағы негізгі спорт нысандарының бірі – «Шахтер» стадионында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның басты мақсаты – стадионды UEFA-ның 4-санат талаптарына толық сәйкестендіру. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, стадионда өткен жылы футбол алаңының негізі толық жаңартылып, жылыту жүйесі орнатылды.

Сурет облыс әкімдігінен

Сонымен қатар жеке жылу пунктіне дейін жылу трассасы тартылды. Ауыр атлетика залына күрделі жөндеу жүргізіліп, шатыр, су және жылу жүйелері жаңартылды. Нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделді.

Биыл ақпан айында алаңды жылыту жүйесін сынақтан өткізу жоспарланған. Мамыр айында жасанды жабынды төсеу, прожекторлық жарық орнату, жеңіл атлетика секторына тартан жабынын төсеу, дыбыс жүйесін жаңарту және трибуналарға қалқа қою жұмыстары басталады.

Freedom Finance компаниясымен бірлесіп, жабық футбол манежінің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысанда киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық пункт және қосалқы үй-жайлар болады. Манеж қыс мезгілінде де жаттығу өткізуге және балалар турнирлерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Локомотив» стадионының футбол алаңын жөндеу және «Шахтер» стадионының трибуналар астындағы үй-жайларын қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар стадион инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай етуге бағытталған.

Жаңғырту жұмыстары биыл аяқталып, «Шахтер» стадионы өңірде республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алатын заманауи спорт кешеніне айналмақ.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button