Жаңалықтар

Қарағандыда ХҚКО-ның 20 жылдығы атап өтілді

Қарағандыда халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімді әрі ашық жүйесіне айналған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтойлық жиын 21 қараша күні «Аманат» партиясының облыстық филиалында ұйымдастырылып, оған орталық қызметкерлері, ардагерлер, мемлекеттік органдар өкілдері мен шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында Қарағанды өңірінің 100-ден астам маманы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін марапатталды. ХҚКО жүйесінің құрылуы мен дамуына еңбек сіңірген ардагерлер де алғыс хаттарға ие болды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Айбат Ильясов өз сөзінде Қарағандының ХҚКО жүйесінің қалыптасуындағы ерекше рөлін атап өтті.

– Бүгінгі іс-шара Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығына арналды. Бұл өте маңызды кезең. Қарағанды облысындағы 100-ден астам қызметкерді марапаттап отырмыз. Госкорпорацияның алғашқы пилоттық жобалары да дәл осы өңірде іске асқан. Алғашқы мамандандырылған орталықтар, жаңа сервистер – барлығы Қарағандыда енгізілді, – деді ол.

Айбат Ильясов бүгінгі жетістіктерге тоқталып, цифрлық шешімдердің маңызын атап өтті.

– ХҚКО алғаш құрылғанда небәрі 25 қызмет түрі көрсетілсе, қазір 1300-ден астам мемлекеттік қызмет ұсынылады. Республика бойынша 322 фронт-офис жұмыс істейді. Электронды брондау, жеке менеджер қызметі сияқты сервистер азаматтарға ыңғайлы болу үшін енгізілді. Пандемия кезінде де орталық мамандары алдыңғы шепте жұмыс істеді. Бүгінде жыл сайын миллиондаған өтініш қабылданады. Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі, – деді ол.

Халыққа қызмет көрсету жүйесінің Қарағандыдағы алғашқы басшыларының бірі, сала ардагері Базарова Сәуле ХҚКО-ның қалай құрылғаны туралы тарихи деректермен бөлісті.

–Қарағанды облысындағы ең алғашқы ХҚКО-ның директоры болдым. 2006 жылы Қарағандыда үш орталық ашылды. Оның бірі – Мұқанов көшесіндегі №1 ХҚКО, мен сол орталықты басқардым. 20 жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткендей, – деп бастады Сәуле Базарова.

Сәуле Базарова алғашқы жылдардың күрделі болғанын жасырмады.

– 2006 жылы жұмысты бастағанда біздің қызметкерлеріміздің бәрі – жас мамандар еді. Университетті енді бітірген, тәжірибесі жоқ, ХҚКО дегеннің не екенін енді ғана түсініп жатқан мамандар. Ал бізге үлкен жауапкершілік артылды. Себебі ХҚКО-лар ең алдымен жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтерді ашық ету үшін құрылды. Мемлекеттік органдардан қызметтерді қабылдап алу өте қиын болды, – деді ол.

Ардагер сол кездегі қызмет көлемін де еске алды.

– Біз бастағанда небәрі 26 қызмет көрсетілді. Сол кезде реестрде 131 қызмет болды, яғни оның тек 8%-ын ғана ЦОН көрсететін. Ал бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80%-ын ХҚКО мамандары орындайды. Бұл – саланың қаншалықты өскенінің нақты дәлелі, – деді ол.


Ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Сәуле Базарова 2016 жылы зейнетке шыққанымен, тәжірибелі маман ретінде 2023 жылға дейін әріптестеріне тәлімгер болған.

Соңында ол барлық әріптестерін мерейтоймен құттықтап:

– Бүкіл әріптестерімді 20 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Барлықтарыңызға мықты денсаулық, шыдамдылық және халыққа қызмет етуде зор табыс тілеймін. Орталыққа келген әрбір азамат разы болып қайтсын! – деп сөзін аяқтады.

«Азаматтарға арналған үкімет» Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Тлеубай Құсайынов орталықтардың 20 жыл ішіндегі даму жолына тоқталып, алдағы жоспарларды атап өтті. Оның айтуынша, сервистерді цифрландыру, қызмет түрлерін кеңейту және сапаны арттыру өңірде басты бағыт болып қала береді.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button