АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда «Газбаллон» акциясы: мамандар қауіпсіздік талаптарын ескертті

Қазақстанда төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған «Газбаллон» республикалық акциясы өтіп жатыр. Акция аясында Қарағанды облысында мобильді топ жұмыс істеп, тұрғындармен профилактикалық рейдтер жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Құтқарушылар газ баллондарын қауіпсіз пайдалану ережелері, ықтимал ақаулар және өрт пен жарылыстың алдын алу шаралары жөнінде кеңінен ақпарат беріп келеді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Өңірдегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі туралы ТЖД, тұрғын үй инспекциясы және полиция өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты айтты.

Қарағанды қаласы тұрғын үй инспекциясының өкілі Дулат Тишмағамбетовтың айтуынша, тұрғын үйлерде және мангал аймақтарында газ баллондарын заңсыз сақтау жағдайлары жиі кездеседі.
Заңнамаға сәйкес, екі қабаттан жоғары ғимараттарда газ баллондарын қолдануға да, сақтауға да тыйым салынған. Бұл талапты бұзғандарға 7–10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Маманның айтуынша, баллондардың дұрыс сақталмауы жарылыс қаупін туғызады, ал газдың шығуы улану немесе өртке әкелуі мүмкін.

Газдың шығуын білдіретін негізгі белгілер:
– өткір газ иісі;
– құбырлардан шығатын ысқырық тәрізді дыбыс;
– жалын түсінің өзгеруі.
Осындай жағдай байқалғанда газды дереу жабу, үй-жайды желдету және «104» немесе «112» қызметіне хабарласу қажет.

Брифингте қолдану мерзімі өткен ескі баллондарды жаңа әрі қауіпсіз үлгілерге ауыстыру мәселесі де көтерілді. Бұл үшін автогаз құю станцияларында арнайы баллон алмасу пункттерін ұйымдастыру ұсынылуда. Жаңа баллондар арнайы таңбамен белгіленіп, олардың айналымын бақылауға мүмкіндік береді.

Қазір өңір табиғи газға кезең-кезеңімен көшіп жатыр. Жеке сектор газ жүйесіне қосылған сайын газ баллондарына деген қажеттілік біртіндеп азаяды.

Тұрғындарға қауіпсіздік талаптары еске салынды:
• газ баллондарын желдетілетін, құрғақ әрі таза бөлмеде сақтау;
• баллонды ашық от көздері мен электр жабдықтарынан кемінде 1 метр қашықтыққа қою;
• тұрғын үйлерде сыйымдылығы 50 литрден асатын баллондарды орнатуға қатаң тыйым салу.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button