Қарағандыда футболдан облыс әкімінің кубогы өтті
Қарағанды облысында футбол кең қанат жайып келеді. Қазіргі таңда бұл спорт түрімен 40 мыңнан астам адам айналысады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлінуде.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – алғаш рет өткізілген Қарағанды облысы әкімінің кубогы. Бұл жарыс 2 шілдеде Теміртау қаласындағы «Металлург» стадионында басталды. Турнирге облыстың әртүрлі қала мен ауылдарынан келген 10 команда қатысуда. Жас футболшылар төрт күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Жеңімпаздар 5 шілдеде марапатталады.
Бұл турнир — жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Олар өз шеберлігін көрсетіп, кәсіби деңгейге көтерілуге қадам жасайды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің айтуынша, өңірде футболды дамытуға үлкен жоспарлар бар.
– Бүгінде футбол бұқаралық сипаты бойынша облыста бірінші орында. Биыл «Шахтер» футбол клубының академиясының құрылысы басталады. Сонымен қатар Теміртау, Саран және Балқаш қалаларында филиалдар ашу жоспарланған. Бұл – жас спортшыларды даярлауға арналған жүйелі инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді Серік Сәпиев.
Соңғы үш жыл ішінде облыс бюджеті есебінен 161 футбол алаңы салынған. Бұған қоса, жеке инвесторлардың көмегімен үш жабық футбол аренасы іске қосылды. Бүгінде өңірде 100-ден астам әуесқой футбол командасы тіркелген.
Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту – басты басымдықтардың бірі. Бұл үшін селекциялық жүйені жақсарту және жаттығу базаларын нығайту жоспарланып отыр.
Қарағанды қаласында спорт кластері аясында бірнеше ірі жобалар қолға алынған: УЕФА стандарттарына сай жаңа стадион, жыл бойы жұмыс істейтін жаттығу манежі және футбол академиясы бой көтереді. Сонымен қатар биыл «Шахтер» стадионы жаңғыртудан өтеді.