Бас тақырыпСпорт

Қарағандыда Freedom BFL қысқы маусымы ресми түрде басталды

Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы Freedom Balalar Futbol Ligasy (Freedom BFL) біріншілігінің қысқы маусымы басталды. Маусымның ашылу салтанаты «Аманат» спорт кешенінде өтті. Бұл шара Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы (QOFA) және Қазақстан әуесқой футбол лигасы (ҚӘФЛ) өңірлік филиалы арасында жасалған үшжақты меморандумнан кейінгі алғашқы ресми бастама болды.

Суреттер QOFA баспасөз қызметінен

Меморандум өңірдегі балалар футболын жүйелі дамытуға бағытталған маңызды құжатқа айналды. Нәтижесінде лига жаңа ұйымдастырушылық, техникалық және спорттық деңгейге көтерілді.

Маусымның алғашқы ойыны «Шахтёр U10» мен «Скаут U10» командалары арасында өтті. Тартысты матч 1:1 есебімен аяқталды.

Freedom BFL – өңірдегі жаңа форматтағы балалар және жасөспірімдер лигасы. Жобаның басты мақсаты – футбол инфрақұрылымын дамыту, процестерді толық цифрландыру және балалар спортында біртұтас стандарт қалыптастыру. Біріншілік 7×7, 6×6 және 5×5 форматтарында өткізіледі. Жас санаттары U7-ден U16-ға дейін қамтиды.

ҚӘФЛ өңірлік филиалының төрағасы Мейрам Серіков меморандум лиганың дамуына айтарлықтай серпін бергенін айтты.

– Меморандумға қол қойылғаннан бері командалар саны 159-ға жетті, ал жас футболшылар саны шамамен 3000 бала болды. Аптасына 76 матч өткізу жоспарланып отыр – бұл BFL тарихындағы рекорд. Лига әрі қарай да өсіп, балалардың жүйелі түрде футболмен айналысуына мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді ол.

Freedom BFL ойындары төрт алаңда өткізіледі:
• «Аманат» спорт кешені, Карбышев к-сі, 7/5 — 7×7 форматы
• Amanat Arena, Ермеков к-сі, 49/3 — 6×6 форматы
• Nomad Arena, 134-ші есептік квартал, 3/5 — 5×5 форматы
• Сарань қаласы, Макаренко к-сі, 1 — 6×6 форматы

Бұған дейін BFL жеке коммерциялық турнир ретінде ғана өткізіліп келген: тұрақты ойын циклі болмаған, толық статистика жүргізілмеген, инфрақұрылым шектеулі болған және медиа-қамту аз деңгейде жүзеге асқан. Қатысу жарналары тек ұйымдастыру шығындарын өтеуге бағытталған.

QOFA бас хатшысы Талғат Қаржаубаевтың айтуынша, ресми облыстық біріншілік мәртебесінің берілуі – балалар футболы үшін өте маңызды.

– Лига бұрын да болған, бірақ ресми біріншілік мәртебесін меморандумнан кейін ғана алды. Бұл ұйымдастыру, инфрақұрылым және спорттық талаптар бойынша жаңа деңгей. Барша қатысушыларды маусымның басталуымен құттықтаймын, – деді ол.

Ресми мәртебеден кейін енгізілген жаңалықтар:
• матч нәтижелері бірыңғай деректер базасына түседі;
• ойыншыларға спорттық разрядтар беріледі;
• электронды матч протоколдары жұмыс істейді;
• бірыңғай цифрлық платформа құрылды (нәтижелер, статистика, кестелер);
• барлық матчтарға медиа-қамту қамтамасыз етіледі: бейнежазба, онлайн-трансляциялар, фото, репортаждар;
• жабдықтар, төрешілер және ұйымдастыру стандарттары біріздендірілді.

Бұл өзгерістер BFL-дің жеке коммерциялық турнирден ресми облыстық біріншілікке толыққанды өтке­нін көрсетеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button