Қарағандыда ескі автобустар жаңартылуда
«Қарағанды – Шахтинск» бағытында қатынайтын №121 автобус, №122 бағытта қатынайтын «Қарағанды – Топар» және «Қарағанды – Саран» бағытында жүретін №165 ескі автобустары жаңартылды. Бұл жолы осы бағытта қатынайтын 10 автобус жаңадан сатып алынып, жолға шықты. Ал, бұған дейін «Қарағанды-Абай» бағытында қатынайын №146 автобустарының қатары 10 жаңа автобуспен толыққан еді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов жыл соңына дейін 100 автобустың алынатынын айтқан болатын. Оның 96-сы №3 автопаркке тиесілі болса, төртеуі «Рейс» жеке кәсіпорны сатып алатын болған. №3 автопаркке тиесілі автобустардың 36-сы қаларалық бағытта қатынайтын автобустар қатарын жаңартуы тиіс еді.
Бүгін №3 автопаркке келуі тиіс 36 автобус жеткізілді. Оның 20-сы жолға шығып кеткен. Шахтинск, Топар, Абай және Саран тұрғындары осы жаңа автобустармен Қарағандыға қатынамақ. Ал, қалған 16 жаңа автобус №127 бағытта қатынайтын «Қарағанды – Шахан» және №141 бағытындағы «Үштөбе – Қарағанды (Ақтас)» бағытындағы ескі автобустар қатарын жаңартатын болады.
Айта кетейік, қалаішілік бағытта қатынайтын жаңадан сатып алынған автобустардың бәрі жасыл түсті. Ал, қала сыртына шығатын автобустар – көк түсті. Жаңа автобустар Сарандағы QazTehna автомобиль зауытынан құрастырылып шығарылған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz