Жаңалықтар

Қарағандыда Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Кеншілер мәдениет сарайында XXVI халықаралық «Сарыарқа әуендері» фестивалі аясында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. 

Сурет Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан

Сахна төрінде Қ.Байжанов атындағы концерт бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі орындаған Е.Брусиловскийдің «Шашу» күйі кештің шымылдығын түрді. Мерекелік іс-шараны жүргізушілер Айгерім Тәшенова мен Әли Сейдіғали тізгіндеді.

Кештің қадірлі қонақтары қатарында – композитордың жары Дарико Хасанғалиева және ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев болды. Оларға құрмет ретінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей естелік сыйлықтар мен «Сарыарқа әуендері» фестивалінің символына айналған «Қобыз» мүсінін табыс етті.

Сахна төрінде Ескендір Хасанғалиевтің есімін елге алтын әріппен жазған «Нұрлы таң», «Асыл арман», «Сағындым сені», «Әдемі-ау», «Есіңе ал», «Гүл сезім», «Бозторғайым» секілді халық сүйіп тыңдайтын әндері шырқалды. Өңір өнерпаздары әуелеткен әндерді халық ыстық ықыласпен тыңдады.

Сонымен қатар, кеш қарсаңында көрермендер композитордың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды деректерге қанықты. Мәселен, оның әйгілі «Әдемі-ау» әні 1970 жылы Қарағандыдағы концерттен кейін туған екен.

Сахнада әкеден ұлға жалғасқан өнер сабақтастығы да айрықша көрініс тапты. Біржан Хасанғалиев  «Анаға сәлем» әнін орындап, көрермен көзайымына айналды.

Кеш соңында залда отырған жұртшылық «Атамекен» әнін барлығы бірге орындап, әншінің рухына тағзым етті.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button