АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда ерекше балалардың ата-аналарына арналған тегін курс өтіп жатыр

Қарағандыда аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) мен психо-сөйлеу дамуының тежелуі (ПСДТ) бар балалардың ата-аналарына арналған тегін оқыту курсы өтіп жатыр. Бағдарлама аясында ата-аналарға ерекше балалармен тиімді қарым-қатынас орнату және психологиялық коррекцияның заманауи әдістері үйретіледі. 

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Жоба Balapan коррекциялық орталығының жетекшісі Маржан Тұрлыбекованың бастамасымен жүзеге асуда. Орталық соңғы үш жылда НЖГС (СДВГ), АСБ және даму тежелісінің өзге де түрлері бар балаларға көмек беріп келеді. Мемлекеттік гранттардың арқасында мамандар жүздеген отбасына қолдау көрсеткен.

Жақында орталық жаңа грантқа ие болып, ата-аналарға арналған кешенді оқыту курсін іске қосуға мүмкіндік алды.

– Гранттар конкурсы жарияланғанын ести сала қатысуға шешім қабылдадық. Барлық техникалық талаптарға сай болдық. Бұған дейін мұндай курстар өткізбесек те, ата-аналармен әрдайым жеке форматта жұмыс істеп жүрдік. Көпшілігі ерекше баласын оқыту мен тәрбиелеуде қиындық көретінін байқадық, – дейді Маржан Тұрлыбекова.

Курс бірнеше негізгі бағытты қамтиды:
• мінез-құлықты қолданбалы талдау (ABA);
• когнитивтік бұзылыстарды талдау әдістері;
• сенсорлық интеграция;
• арт-терапия элементтері.

Бұл әдістер қажетсіз мінез-құлықты түзетуге, пайдалы дағдылар қалыптастыруға, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және экран алдындағы уақытты азайтуға ықпал етеді.

Қазір бағдарламаға 50 ата-ана қатысуда. Сабақтар онлайн және офлайн форматтарда жүргізіледі.

– Ата-аналардың өтініші бойынша онлайн форматты да қостық. Бұл – негізінен қала маңындағы елді мекендер мен серіктес қалалардан келген отбасылар. Ал офлайн оқитындар орталықтағы жабдықпен жұмыс істейді: АФК-блоктарда жаттығулар жасап, арт-кабинеттерге қатысады және алған білімін бірден тәжірибе жүзінде бекітеді. Материал көлемі ауқымды: жұмыс күндері сабақтар төрт сағатқа созылады, демалыс күндері сегіз сағаттық интенсивтер өтеді, — дейді орталық жетекшісі.

Курс аяқталуға жақын, сондықтан жаңа топқа қабылдау уақытша тоқтатылған. Алайда орталық сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, жобаны жалғастыруды жоспарлап отыр.

– Ата-аналардың қызығушылығы мен оң пікірлері бізді қуантты. Мұндай оқытуды кеңейтіп, басқа ұйымдар базасында да өткізуге болады, – дейді Маржан Тұрлыбекова.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button