Қарағандыда экологиялық бағыттағы балалар кітабының тұсаукесері өтті
Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында 12 жастағы жас жазушы әрі креатор Платон Нечаевтың «Платонның сиқырлы әлемдері» атты авторлық экологиялық кітаптар сериясының тұсаукесері өтті.

Жоба табиғатқа жанашырлық, тұрақты даму, жасыл қалалар қалыптастыру және адамзаттың планета болашағына деген жеке жауапкершілігі тақырыптарын арқау еткен заманауи экологиялық әңгімелерден тұрады. Кітаптардағы иллюстрациялар жасанды интеллект технологияларының көмегімен әзірленген. Осылайша жоба шығармашылықты, цифрлық құралдарды және экологиялық ойлауды тоғыстырады.

– Балалардың табиғатты жақсы көріп, әрқайсысы маңызды іс атқара алатынына сенгенін қалаймын. Тіпті шағын әңгіме де әлемді өзгертуге ықпал ете алады, – деді Платон тұсаукесер барысында.
Жоба балалар әдебиеті саласындағы қаламгерлер мен балалар психологиясы мамандары тарапынан оң бағасын алды. Атап айтқанда, Лондонда орналасқан Hertfordshire Press баспасының редакторы Марат Ахмеджанов «Платонның сиқырлы әлемдері» табиғатқа деген қамқорлықты ұран арқылы емес, баланың шынайы көзқарасы арқылы жеткізетін сирек кездесетін әсерлі туынды екенін атап өтті.
Кітаптар сериясы EcoPlaton экожүйесінің бір бөлігі саналады. Бұл бастама экологиялық әңгімелерді, аудиоформаттарды, цифрлық контентті, геймификацияланған экомаршруттарды және мектеп оқушыларына арналған білім беру бағдарламаларын біріктіреді. 2025 жылы жоба командасы Қарағанды қаласында 200-ден астам ағаш отырғызып, Аппақ Байжанов ескерткіші маңында алғашқы Шығармашылық және креатив аллеясын құруға атсалысты.
Бұған дейін Платон өз жобасын Астана қаласындағы креативті хабта таныстырған. Іс-шараға оқушылармен қатар Қазақстан Республикасының Сенаты, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, туризм саласы және өзге де профильді ведомстволардың өкілдері қатысты.
Жобаның мазмұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында айтқан жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытымен үндеседі.
Қазіргі уақытта жоба командасы Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, мектеп кітапханалары мен білім беру ұйымдарындағы оқу бұрыштарына Платонның экологиялық әңгімелеріне сілтеме жасайтын QR-кодтарды орналастыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл балаларға кітаптардың цифрлық және аудио нұсқаларын тегін пайдалануға мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



