АймақҚарағанды

Қарағандыда экологиялық қаптама өндіретін жаңа зауыт іске қосылды

Қарағанды облысы өндіріс картасында тағы бір ірі нысанмен толықты. TPA Sary Arka – гофрленген картоннан жасалған экологиялық таза қаптама өндіретін жаңа зауыт қысқа уақыт ішінде аймақ экономикасының тірек буынына айналды. Бұрын бос тұрған ғимарат орнында бой көтерген кәсіпорын бір жыл ішінде жоғары технологиялы индустриялық кешенге айналып, ай сайын 6 миллион шаршы метр қаптама өнімін шығаратын қуатқа ие болды. Бүгінде мұнда жеті қабатты картон өндірісі жолға қойылған. Бұл – Қазақстан нарығы үшін бұрын-соңды болмаған жаңалық. Автоматтандырылған желілер, заманауи экожүйе және еңбек адамының кәсібилігі кәсіпорынның тұрақты дамуына жол ашып отыр деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

6 миллион шаршы метр қаптама еліміздегі кәсіпорындардың қаптамаға деген сұранысын толықтай өтеуге жететін көлем. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысып, еңбек ұжымымен кездесті.

– Мұндай кәсіпорындардың дамуы өңір үшін аса маңызды. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, сұранысқа ие өнім шығарады және жаңа технологиялық құзыреттер қалыптастырады. Қарағанды облысының заманауи экономикасы дәл осындай өндірістердің негізінде дамиды, – деді аймақ басшысы.

Компания басшысы Дмитрий Фу мәлімдегендей, зауыттың өнімі бүгінде елімізде жоғары сұранысқа ие. Мұнда бұрын отандық нарықта өндірілмеген жеті қабатты картон шығарылып отыр.

Өнім түрлері әртүрлі. Стандартты қораптардан бастап, тапсырыс берушінің жеке дизайнымен безендірілген фирмалық қаптамаға дейін бар. Қораптардың көлемі мен мақсаты да сан алуан, тұрмыстық заттар мен азық-түлік өнімдерінен бастап, өнеркәсіптік жабдықтарға дейін қолданылады.

Тұтынушылар қатарында кофеханалар, пиццериялар және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бар.

Ең бастысы – өндірілетін өнім экологиялық таза, қайта өңдеуге және қайта пайдалануға жарамды. Алдағы уақытта жұмыртқаға арналған лотоктар шығару желісі іске қосылмақ.

Барлық ауыр өндірістік үдеріс­тер толықтай автоматтандырылған. Қазіргі таңда зауытта 70-тен астам адам еңбек етуде. Кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта жұмыс орындарының санын көбейтіп, экспорттық бағытқа шығуды жоспарлап отыр. Зауытта технология – адамға, автоматтандыру – сапаға қызмет етеді.

Өңір басшысы жұмыс сапары барысында сондай-ақ, KAZPROM AVTOMATIKA компаниясында болды. Бұл – автоматтандыру, энергетика және өндірістік IT салаларындағы жетекші отандық инжинирингтік орталықтардың бірі.

Жобаның жалпы құны 6 миллиард теңгеден асады, нәтижесінде 90 жаңа жұмыс орны құрылған.

Кәсіпорын қызметінің толық циклі қамтылған. Яғни, жобалау мен автоматтандыру компоненттерін жеткізуден бастап, өндірістік IT-жүйелерді енгізу және сервистік қызмет көрсетуге дейін. Компания­ның мүмкіндігі кең, басқару пультінен бастап, цифрлық кен байыту кешеніне дейінгі жобаларды жүзеге асыра алады. Тапсырыс берушілер қатарында отандық және еуропалық компаниялар бар.

Болашақта өндіріс ауқымын кеңейтіп, заманауи кеңсе ғимаратын конференц-залмен бірге салу жоспарланып отыр.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button