Қарағандыда еңбек қауіпсіздігі бойынша халықаралық конференция өтті
Қазақстанда омыртқа патологиялары, өкпе аурулары, вибрациялық синдром және есту қабілетінің төмендеуі ең жиі кездесетін кәсіби сырқаттар қатарында. Осы және өндірістік қауіпсіздік саласындағы өзге де өзекті мәселелер Қарағандыда өткен «Жұмыс істейтін халықтың денсаулығын басқарудың инновациялық технологиялары: мультидисциплинарлық тәсілдер» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында талқыланды.

Қарағанды бүгінде еңбеккерлер денсаулығын қорғау саласындағы ірі кәсіби пікірталас алаңына айналып отыр. Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының базасында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген жетекші сарапшылар бас қосты.

Орталық директоры, профессор Ертай Отаров конференцияның мекемеге республикалық мәртебе қайта берілгеннен кейінгі алғашқы халықаралық шара екенін атап өтті. Оның айтуынша, орталықтың жаңғыртылуы елдегі еңбек қауіпсіздігі жүйесін күшейтіп, кәсіби тәуекелдермен күресудің жаңа тетіктерін енгізуге жол ашады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Қазақстанда 740 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар екенін, оның ішінде 15 мыңға жуығының мүгедектігі кәсіби аурулар мен өндірістік жарақаттар салдарынан қалыптасқанын жеткізді. Ең көп таралған кәсіби патологиялар – омыртқа мен өкпенің созылмалы аурулары, вибрациялық синдром және есту қабілетінің жоғалуы.

Ол еңбек ортасының өзгеріп жатқанын ерекше атап өтті: кеңседе ұзақ отыруды талап ететін жұмыс көбейіп, цифрлық коммуникациялардың әсері артып, стресс факторы күшейген. Осыған байланысты профилактика тәсілдері жекелендірілген, үздіксіз және цифрлық технологияларға сүйенуі қажет.
Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев ұйымның 1,7 млн жұмысшыны біріктіретінін айта келе, еңбек қауіпсіздігі заңнамасын кешенді түрде жаңарту қажеттігін көтерді. Ол бірқатар ұсыныстарын ортаға салды:
• «жұмысшының кінә дәрежесі» ұғымын заңнамадан алып тастау;
• техникалық инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейту;
• зиянды өндірісте еңбек ететіндер үшін зейнет жасын төмендету;
• орта және ірі кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құруды міндеттеу.
Тінікеевтің айтуынша, ресми деректер кәсіби аурулардың нақты көлемін толық ашпайды, сондықтан еңбек қабілетін жоғалтқан азаматтарға арналған оңалту жүйесін дамыту аса маңызды.
Конференция жұмысына Денсаулық сақтау министрлігі, Парламент және өңірлік атқарушы органдар өкілдері қатысты. Шетелдік мамандар реттеуші-құқықтық базаны жетілдіру, санитариялық қызметті жаңғырту және медициналық мониторинг жүргізу тәжірибесімен бөлісті.
Пленарлық отырыстан кейін қонақтар орталықтың клиникалық бөлімшелерін аралап, заманауи диагностикалық әдістер және жұмысшылар денсаулығын цифрлық мониторингілеу жүйелерімен танысты.
Панельдік сессиялар жұмыс істейтін халықтың денсаулығын сақтау, кәсіби ауруларды емдеу, еңбек гигиенасының жаңа қағидаттары, оның ішінде жасанды интеллектті қолдану және шаңнан туындайтын өкпе ауруларының алдын алу тақырыптарын қамтыды. Сондай-ақ цифрландыру мен өндірістік модернизация жағдайында мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Конференция аясында медициналық тексерулер әдістемесі, кәсіби аурушаңдықты талдау және оны өндірістік факторлармен байланыстыру бойынша семинарлар өтті. Дөңгелек үстелде өндірістердің дамуына байланысты туындап отырған жаңа сын-қатерлер мен зертханалық базаны нығайту қажеттілігі сөз болды.
Сарапшылардың пікірінше, кәсіби патология қызметін жаңғырту, зертханалық зерттеулердің тиімділігін арттыру және еңбек медицинасын дамыту – еңбек қауіпсіздігі саласындағы жүйелі жаңарудың негізгі бағыттары. Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы медициналық экология, кәсіби тәуекелдерді бағалау және жұмысшыларға арнайы медициналық көмек көрсету бойынша жетекші мекеме мәртебесін сақтап келеді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



