Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандыда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері марапатталды

Кеше Қарағандыдағы К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында аймақ басшысының міндетін атқарушы Ерлан Қошановтың қатысуымен Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.

– Өмірде дәрігерлердің ыстық ықыласы мен аялы алақанын сезінбеген адам кемде-кем. Дәрігер – жүрек сақшысы ғана емес, ол – адам жанының арашасы. Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлықтау рәсіміндегі өз сөзінде медицина саласына ерекше ден қоюды тапсырған болатын. Бұл ретте, біздің облыста жүйелі әрі нақты жұмыстар бұдан ары қарай да жалғасын табатын болады. Қарағанды облысының медицина саласының мықты мектебі, қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Бір ғана Қарағанды медициналық университеті еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы үздік үштіктің қатарына кіріп отыр. Еліміздің түпкір-түпкіріндегі, алысжақын шет елдердегі ең мықты мамандарды біздің университеттің түлектері деп мақтанышпен айтамыз, – деді Ерлан Жақанұлы

Ерлан Қошановтың айтуынша, Қарағанды тек кеншілер өңірі ғана емес, сонымен қатар, медицина мамандарын даярлап шығаратын білім ұстаханасы. Облыстағы медицина деңгейі де айтарлықтай жоғары. Мәселен, осы жылы ел аумағындағы медициналық жоғары оқу орындарынан 3000 адам түлеп ұшса, соның 950-і осы облысқа тиесілі. Оған қозғау болатын да өңірдегі дәрігерлерге жасалып жатқан жағдай. Дәл осы күні Шахтинск қаласында жер-жерден келген 32 жас дәрігерге пәтер кілті табысталды. Нәтижесінде, аталған шаһардағы маман тапшылығы күн тәртібінен түсіп, бос жұмыс орындары толықты. Мұндай жұмыс облыс көлемінде жүргізілуде. Екі жылда облыста медицина қызметкерлеріне 200 пәтер табысталады.

Сонымен қатар, аймақта медициналық мекемелер желісі де айтарлықтай дамыған. Өз ғылыми базамыз да бар. Келер жылы 300 орынға шақталған университет клиникасының құрылыс жұмысы басталады. Ұстаздар қатарында медицина дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап жүрген жоғары ғылыми дәрежелі мамандар бар. Дәрігерлер заманауи жабдықтар мен техникаларға ие.

Тағы бір айта кетерлігі, Жезқазған, Шахтинск қалаларындағы аурухана қалашықтары қалпына келтірілуде. Екі жыл мұғдарында облыстағы барлық денсаулық сақтау нысандары жөндеуден өтеді. Бұл ретте, жеке инвестициялар мәселесін де ұмытпау қежет. Осы жеке инвестициялар салу нәтижесінде облыста жаңа технологиялар мен қызмет көрсетудің жаңа стандарттары пайда болуда. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде аллергологиялық орталық, нейрооңалту орталықтар желісі, қан тазарту орталықтары, емханалар бой көтеруде. Осы жылдың өзінде 5 емхана ашылса, олардың саны 11- ге жететін болады.

Сөйтіп, шара барасында «Үздік терапевт», «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері», «Үздік орта медициналық қызметкер», «Үздік педиатр», «Үздік акушер-гинеколог», «Үздік хирург», «Денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, әр сыйлықтың жүлде қоры 500000 теңгені құрады. Ал, «Мамандығына адалдығы үшін» аталымы бойынша жеңімпаз ретінде Ақтоғай аудандық орталық ауруханасы «Сарытерек» дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері Амантай Әмірқұлов танылды. Оғаны 1000000 теңге табысталды.

Концерттік бағдарламаға қатысушы қонақтар қатарында Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш, халықаралық конкурстардың лауреаты Ұлпан Әбдікәрімова, «I’m a singer Kazakhstan» жобасының жеңімпазы, жерлесіміз Роман Ким, Ресейде өткен «Голос. Дети» телешоуының жүлдегері Ержан Максим және Молдовадан келген сырнайшы Игорь Подгореану болды.

Рауан ҚАБИДОЛДА

 

 

Басқа материалдар

Back to top button