Қарағандыда дауылды жел балалармен бірге балалар алаңының жабынын көтеріп әкетті
Бүгін, 19 маусым, сағат 14.00-де Қарағандыда көгілдір тоғандар шағын ауданында дауылды жел ойын алаңындағы жабынды жұлып әкетті. Зардап шеккендер бар. Оқиға аулада орнатылған көше бақылау камераларына түсіп қалған.
Дауыл басталған кезде үш бала ойын алаңында жүгіріп ойнап жүрген. Жел жабынмен бірге балаларды көтеріп әкеткен. Бір баланы ауаға лақтырып, содан кейін бала үйдің жанына құлаған.
Ересектер балаларға дереу көмекке келген.
– 2015 жылы туған бала профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасына бас миының ауыр жарақаты, маңдай сүйектерінің депрессиялық сынуы, бас сүйектерінің сынуы және білек сүйектерінің сынуы жарақаттарымен жеткізілген. Қазір жансақтау бөліміне жатқызылды. 2014 жылы туған бала мидың шайқалуы және іштің алдыңғы қабырғасының көгеруі жарақаттарымен облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізіліп, бөлімшеге жатқызылды, – дейді Денсаулық сақтау басқармасы мамандары.
Бұл оқиға туралы қала әкімі Мейрам Кожухов:
– Бұл жасанды көгалды жаюмен мердігер ұйым өткен аптадан бастап айналыса бастаған еді. Ол периметрі бойынша ғана бекітілген, бірақ пайдалануға берілмеген, себебі ойын элементтерін орнату керек болатын. Ата-аналардан осындай ауа-райында балаларды қараусыз қалдырмауын сұраймын! Аудандардың екі әкіміне барлық балалар алаңдары мен көгалдардың бекітілуін тексеруді тапсырдым,- дейді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz