Бас тақырыпСпорт

Облыста дәстүрлі бокс турнирі басталды

Қарағандыдағы С.Сәпиев атындағы Бокс орталығында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокстан 41-ші халықаралық турнир басталды. Дәстүрлі додаға Қазақстаннан бөлек, Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекетінен 200-ден астам боксшы бақ сынауда.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Турнирдің ашылу салтанатына аты аңызға айналған спортшылар мен білікті бапкерлер, қоғам қайраткерлері қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Атап айтсақ, 1972 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, КСРО-ның үздік футболшысы Евгений Ловчев, бокстан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның екі дүркін чемпионы Кәріпжан Әбдірахманов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғазы Жарылғапов және өзге де мәртебелі меймандар болды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев іс-шараның шымылдығын түріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Біз кезінде өз дәуірінің ең атақты, ең тәжірибелі спортшылардың дәл осы турнир өнер көрсеткеніне талай мәрте куә болдық. Осы турнирдің арқасында қаншама Олимпиада чемпиондары үлкен спортқа жолдама алды. Бүгінгі қатысушылар үшін де бұл турнир спорттағы үлкен бастау деп білемін. Жас спортшылар алдағы уақытта әлем чемпионаттарының жеңімпазы атанып, Олимпиада ойындарының тұғырынан көрінуге жазсын, – деді Серік Жұманғалиұлы.

Ал, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрғазы Жарылғапов болса турнирдің қалыптасу кезеңі жайында естелігімен бөлісіп, қатысушыларға алғысын білдірді.

– Қарағанды – чемпиондар ұстаханасы. Әрі күні бүгінге дейін де сол мәртебеден түскен жоқ. Жуырда ғана Дубайда өткен әлем чемпионатында Абылайхан Жүсіпов алтын медаль жеңіп алса, Сабыржан Аққалықов күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, Нұрмағамед Юсупов бесінші орыннан көрінді. Бұл қарағандылық боксшылардың елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де үздіктер қатарында екенін айқын дәлелдейтін нәтиже, – деді Нұрғазы Ғалымұлы.

Биылғы турнирге 145 ер және 71 қыз бала қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда. Додаға әділ төрелік ету үшін көрші мемлекеттерден халықаралық тәжірибесі бар білікті төрешілер шақырылған. Сонымен қатар, Қарағанды облысының ең таңдаулы спортшылар іріктеліп алынған. 20 желтоқсанға дейін кіл мықтылар шаршы алаңда шеберлігін сынамақ.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button