Қарағандыда Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай авто-мото шеру өтті
Қарағанды облысында 30-шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай авто-мото шеру өтті деп хабарлайды облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметі. 150 адам қатысқан шараға полиция қызметкерлерінен бөлек «Мир Добра», «Қайсар», «Қызы Ай» үкіметтік емес ұйымдары, «Чингизхан» мотоклубы және автоеріктілер қатысты.
– Адам саудасының алдын алу, еңбек құлдығында адамдарды ұстау фактілерін анықтау ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Осы мәселені халыққа түсіндіру, қоғамның назарын аудару мақсатында демалыс күндері біз кең көлемді акция өткіздік, – деді Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Мирас Аубакиров.
Мәселен, мамыр айында облыстың полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен шаруа қожалықтарының қыстақтарын тексерген болатын. Нәтижесінде, қазақстандық үш азамат еңбек құлдығынан босатылды. Қазіргі уақытта тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Акцияға қатысушылар қала көшелерінде авто-мото шеру жасаса, жексенбі күні қаланың орталық демалыс саябағында қала тұрғындарына қабылдау жүргізіп, адам саудасының алдын алуға бағытталған үнпарақшалар таратылып, жедел желі нөмірлері берілді.
Осындай іс-шаралар облыстың полиция департаментінің аумақтық бөліністерінде де жалғасын тапты. Аудан орталықтарында полиция қызметкерлері шаруа қожалық иелерімен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Салтанат ІЛИЯШ,
ortalyq.kz