Спорт

Қарағандыда бочча спорты қанат жайып келеді

Қазіргі таңда елімізде тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасындағы бочча спорты кеңінен қанат жайып келеді. Әсіресе, өңірімізде облыс әкімдігі тарапынан қолдау бар. Бүгінде соның нәтижесінде аталған спортқа қызығушылардың қатары артып, түрлі байқаулар да жиі өтеді. Күні кеше Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде аталған спорт түрінен облыстық чемпионат өтті. Оған өңірдің әр түпкірінен 22 қатысушы келіп, өзара мықтыны анықтады. Чемпионаттың ашылу салтанатына облыстық мәслихат депутаты Қадиша Оспанова мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов қатысып, жылы лебізін білдірді.

Суретті түсірген автор

Бочча – дәлдікті, зейін мен жинақылықты талап ететін ерекше спорт түрі. Бұл ойын тек жарыс ретінде ғана емес, оңалту құралы ретінде де маңызы орасан зор. Ғалымдардың айтуынша, боччаның денсаулыққа тигізер оң әсері әлдеқашан дәлелденген. Сол себепті, бұл спорт түрін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып келеді. Қадиша Базарбайқызы да боччаның артықшылықтарына ерекше тоқталып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

– Баршаңызды іс-шараның ашылуымен құттықтаймын. Бочча спорты өңірімізде қарқын алды. Облыс басшылығы және министрлік тарапынан да қолдау зор. Сондықтан, осы спортпен айналысатын спортшылар келешекте үлкен нәтиже көрсетеріне сенім мол. Ертеңгі күні өңірімізден шыққан спортшылар еліміздің көкбайрағын әлемдік ареналарда желбіретеді деген сенімдемін, – деді ол.

Аталған чемпионат халықаралық талаптарға сай өткізілді. Қатысушылар сайысқа BC1, BC2, BC3 және BC4 санаты бойынша өнер көрсетті. Өз санатында үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар елордада өтетін Қазақстан кубогына жолдама еншілеп қайтты. Азамат Темірбаевтың бұл спортқа келгеніне көп бола қоймаған. Дегенмен, дәл осы чемпионат оның алғашқы жарысы көрінеді. Жекелей сында BC1 санатында өнер көрсетіп, екі бірдей қарсыласын жеңіпті. Қарсыластары осал емес. Бұған дейін де бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жандар. Бұл жолы Азаматтың айы оңынан туып, қарсыластарын қапы қалдырды. Сонымен қатар, ол жұптық сайыста да бақ сынап, ІІ орынды еншіледі.

– Шыны керек, үйде отырып, шаршап кеттім. Кейін осы спорт жайында естіп, қызығушылығым оянды. Содан бері қол үзбей шұғылданып келемін. Осы спорттың арқасында жаңа орта таптым. Жаңа достар таптым. Енді дайындығымды одан әрі күшейтіп, үлкен бәсекелерде бақ сынайтын боламын. Ендігі мақсат – ел чемпионы атану, – деді Азамат Темірбаев.

Ал, Айым Әбештің бұл спортпен айналысып жүргеніне үш жылдан аса уақыт өтіпті. Осы аралықта ол талай жарысқа қатысып, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Байрақты бәсекелерде де жүлдесіз қайтқан емес. Былтыр Павлодар облысында және Астанада өткен республикалық байқауда жүлделі орындарға ие болған. Ал, осы жолғы байқауда BC2 санатында сынға түсіп, І орынды қанжығасына байлады.

– Бұл мен үшін бірінші алтын медаль емес. Менің дәл осындай бес алтыным бар. Бүгін үш қарсыласпен кездесіп, үшеуін де жеңдім. Негізі, қарсыластарыммен бұрын-соңды кездескенмін. Бұған дейін де жеңген
болатынмын. Осы жолы да басым түстім, – деді Айым Әбеш.

Бақсақ, аталған спортқа қызығушылардың саны да жыл санап артып келеді. Ал, осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде алдағы уақытта ел чемпиондары да шығатынына сенім мол.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan

Басқа материалдар

Back to top button