Қарағандыда бизнестің дамуына лизинг қалай әсер ететіні айтылды
Қарағанды бизнес қауымдастығы үшін биылғы күз ерекше серпінмен бастау алды. Өңірдің іскер ортасын бір алаңға тоғыстырған Leasing Day 2025 форумы тың мүмкіндіктер мен нақты шешімдердің алқалы алаңына айналғалы тұр. BCC Leasing компаниясының бастамасымен, облыс әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтіп жатқан мазмұнды жиынға 200-ден астам кәсіпкер, мемлекеттік құрылымдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері жиналды. Сөз бизнестің бәсін бәсірелі деңгейге көтерудің нақты құралдары жөнінде қозғалды.

Кәнігі кәсіпкерлер үшін лизингтің бизнес аясын кеңейтуге қалай көмектесетіні қызығушылық тудырады. Форум қатысушылары лизингті бизнесті дамыту мен жаңа өндірістік қуаттар алудың қолжетімді қаржыландыру тетігі ретінде талқылауда. Мінберден облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков, ЦентрКредит банкі, BCC Leasing, BCC Life және «Даму» қорының өкілдері сөз сөйледі. Мысалға келтірсек, салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік қолдау бағдарламалары және жабдық сатып алудағы үнем тетіктері туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Ерекше назар лизинг арқылы дамыған кәсіпорындардың үздік тәжірибесіне аударылуда.
– Аймағымызда әрбір үшінші жұмыс орны шағын және орта кәсіпкерлік тарабынан ашылған. Өңір өмірінде жүз мыңға тарта кәсіпкер жемісті еңбек етіп келеді. Әлбетте, әр саналы кәсіп иесі үшін лизинг тетігінің мән-маңызы зор болмақ. Осы тұрғыда мемлекеттік қолдау шаралары да экономикаға оң ықпал етіп жатқандығын атап өткен ләзім. Мәселен, субсидиялық қолдау 400 млрд теңге шамасын құрады. Мұның үш миллиарды жергілікті бюджеттен бөлінді. Бүгінде атаулы әріптестерімізбен 700 млн теңгелік 12 бизнес бастама қолдау тапты. Саладағы тұрақты өсім өткен тоғыз ай ішінде 7%-ды құрап тұр. Әр кәсіпкер өзін толғандырған сұраққа дәл осы алаңда жауап табады деген сенім білдіреміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.
Форум алаңында қызу қарқын мен іскерлік руһ сезілуде. Техника мен жабдық жеткізушілері өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырып, кәсіпкерлерге мүмкіндіктер есігін ашқандай игі әсер қалдырды. Заманауи құрылғылар, өндіріс пен ауыл шаруашылығына арналған техникалар – барлығы да іс жүзінде таныстырылып, бизнеске қажетті шешімдердің қаншалық қолжетімді екенін айқын да айшықты етіп көрсету үстінде. Күн ұзын жұмыс істеп жатқан кеңес беру аймағы да ерекше назарға ілікті. Мұнда қатысушылар лизингтің шарттары, түрлі салықтық және қаржылық жеңілдіктер, сондай-ақ, субсидия алу жайлы мамандардан нақты жауап ала алуда. Бір қанатта банк өкілдері есеп-қисап жасап отырса, екіншісінде «Даму» қорының кеңесшілері бағдарламаларды түсіндіруде. Ал, салық қызметінің мамандары жеңілдіктер тетігін түсіндіріп отыр.
Кәсіпкерлер үшін бұл ресми жиыннан гөрі тәжірибе алмасу мен нақты шешім табу күні сынды. Әркім өз жобасына лайық жол іздеп, кейбірі сол жерде-ақ келісімге қол жеткізген-ді. Форум атмосферасында бір ортақ нәрсе айқын сезілді: құдды бизнес пен қаржының тіл табысқан сәті – өңір дамуының жаңа қарқынының бастауы рәуішті.
Форум барысында әңгіме өзегіне айналған басты тақырыптардың бірі лизингтің артықшылықтары. Сарапшылар осы тәрізді қуатты құралдың кәсіпкер үшін қаншалық икемді де тиімді екенін нақты мысалдармен айқындап беруде. Кепілсіз қаржыландыру мүмкіндігі, салықтық үнем, алғашқы жылы қосарланған амортизациялық норма, айналым қаражатын сақтау және де кей жағдайларда қосымша құн салығынан босатылу сынды теңгерімді тетіктер бизнестің батпан жүгін жеңілдететін, тездететін артықшылықтар ретінде аталды. Мұндай амалдар легі лизингті кез келген ауқымдағы компания үшін сенімді серікке айналдыра бермек. Көптеген кәсіпкерлер ірі инвестициясыз-ақ жаңа техника мен заманауи жабдыққа қол жеткізе алады келер күндерде. Аймақ болса, өркенді өндіріс пен өнеркәсіптің қалың ортасы. Мұнда да лизинг өзектілігін жоймады. Тау-кен, машина жасау, логистика, ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларындағы кәсіпорындар үшін лизинг жабдықты бірден сатып алмай-ақ, өндіріс әлеуетін арттырудың заманауи тәсілі. Айтып-айтып келгенде, форумда әйгі болған ордалы ойлардың түйіні бір: лизинг – экономикалық өсім мен жаңғырудың катализаторы.
– Бүгінгі лизинг дегеніміз тек арнаулы және агротехника ғана емес, оған жылжымайтын мүлікті де қосып қоялық. Мәселен, бір қарағандылық әріптесіміз лизингке коммерциялық нысан алғандығы туралы бейнекейсіміз де бар. Жағымды жаңалық емес пе?! Лизинг сөресі ұлғайып келеді. Сондықтан, нақты тұтынушы портретін бірден анықтай алмаймыз. Бағыт та әр алуан. Лизинг нарығы күн санап өсіп барады. Келер күндерде де қазыналы Қарағандыдан бастау алған лизинг күнін өзге қалаларда жалғастыра түспек ниетіміз бар, – деп ой бөлісті BCC Leasing компаниясының басқарушы директоры Емілхан Биюмбаев.
Алқалы жиын еліміздің қаржы секторының 2030 жылға дейінгі даму жоспарларымен үндесіп өтуде. Құжатта лизинг кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды тетігі ретінде айқын көрсетілген. Leasing Day 2025 бизнес пен қаржы ұйымдарының, сондай-ақ, мемлекеттің бір мақсатқа кәсіпкерлікті заманауи қаржылық шешімдер арқылы қолдауға дайын екенін дәйекті дәлелдеді. Ұйыстырушы-ұйымдастырушысы BCC Leasing компаниясы болса, толықтай Банк ЦентрКредит құрылымына кіре отырып, Қазақстандағы лизинг нарығының көшбасшысы саналады. Биылдың шілдесіндегі деректерге сәйкес, компания кредиттік портфель көлемі мен «Даму» қоры арқылы субсидиялау көрсеткіші бойынша бірінші орында. Былтырдың өзінде BCC Leasing кәсіпкерлерге 20 миллиард теңгеден астам субсидия бөлген. Бүгінде компания еліміздің 20-дан астам қаласында жұмыс істеп, 100-ден аса жеткізушімен серіктестік орнатқан. 3000-нан астам техника бірлігін қаржыландырған. Leasing Day 2025 қазыналы Қарағанды бизнесі үшін соны мүмкіндіктер мен серіктестік көпіріне айналмақ. Мазмұны жағынан да өңір кәсіпкерлерінің сенімін күшейтіп, ел экономикасындағы лизингтің болашағын нақтылаған сәт ретінде есте қалары аян.
Ерқанат Кеңесбекұлы
“Ortalyq Qazaqstan”