Аймақта Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай қысқы тау спорты жарысы өтті
Қарағандыда еріктілерден, жастар мен зейнеткерлерден құралған «Skif» тау спорт клубы бар. Сол клуб мүшелері әр демалыс күні табиғат аясына серуендеп, түрлі спорттық сайыстар өткізіп келеді. Күні кеше спорт клубының бастамасымен «Qarly Tauseruen» қысқы тау спорты түрлерінен жарыс өтті. Бұл іс-шара Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай оның рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған. Спорттық додаға Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қатысып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Әрі Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынов та қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқтады.

Аталған іс-шараға 150-ге жуық адам қатысыпты. Бұлардың қатарында клуб мүшелері, жастар мен зейнеткерлер де бар. Нұрлан Рахметоллаұлы өз сөзінде аталған клубтың жұмысына тоқталып өтті.

– Бүгінде батырдың құрметіне көшелер мен мектептерге есімі беріліп жатыр. Сонымен қатар, батырдың атымен өзге де нысандар, кабинеттер ашылуда. Осындай игі бастамалардың қатарында «Skif» тау спорт клубының атқарып жүрген іс-шараларын да ерекше атап өтуге болады. Көпшіліктің басын қосып, батырдың ерлігін ұлықтау жолында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы уақытта бұл бастамаларыңыз облыстық деңгейге дейін көтерілсін дегім келеді, – деді Нұрлан Бикенов.
Ерлан Бейсенбайұлы мұндай атаулы даталардың ел өміріндегі орны айрықша екендігін баса айтты.
– Біз – бақытты ұрпақпыз. Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даланы ата-бабаларымыз бізге аманат етіп қалдырды. Сол жолда халқымыз талай қиын-қыстау кезеңдерді, тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерді. Бүгінде біз тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан, Тәуелсіздіктің қадірін терең түсініп, оны көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың борышы. Өйткені тәуелсіздік – ең қастерлі құндылық. Бауыржан Момышұлы сынды ардақты бабаларымыз осы жолда ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай күресті. Батырдың ғибратқа толы өмір жолы мен ерлігі бүгінгі буынға мәңгілік өнеге болып қала береді, – деді Ерлан Бейсенбайұлы.

Іс-шара бағдарламасына сәйкес қатысушылар Курмин жотасында теңіз деңгейінен 727 метр биіктікте орналасқан Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш белгіге дейінгі 4,3 шақырымды бағындырды. Ал, әскери қызметкерлер қатысушылар мен қонақтар үшін арнайы шатырлар тігіп, ыстық ас ұйымдастырды. Сонымен қатар, 1942 жылы майдан даласында болған зеңбіректі де әкеліп, көпшілік назарына ұсынды. Майдан даласында қолданылған бұл тарихи жәдігер бүгінге дейін сақталып, қалпына келтірілген. Десе де соғыс кезінде оқ тиген, снаряд жарықшағы түскен іздері әдейі сол күйі қалдырылған. Себебі, өскелең ұрпаққа соғыстың қандай қасіретті болғанын көзбен көріп, жүрекпен сезіндіру мақсатында жасаған көрінеді.

Бұдан бөлек, спорттық-қолданбалы сайыстар да ұйымдастырылды. Қатысушылар зеңбірек итеріп, эстафеталық жарыстарда бақ сынады. Қой да көтеріп, садақ тартты. Іс-шара соңында Бауыржан Момышұлының бейнесіне енген әскери қызметкер он сарбазын бастап, атпен келетін сахналық көрініс көрсетілді.
– Мұндай тағылымды шаралардың жастар үшін маңызы ерекше. Себебі, өскелең ұрпақ қазақ батырларының ел мен жер жолындағы ерен еңбегін, халқына сіңірген қызметін терең танып-білуі тиіс. Тарихты тану – ұлттық сананың қалыптасуының негізі. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен оны кеңінен насихаттау – бүгінгі буынның басты міндеті. Біздің клубта жастардың үлесі басым. Сондықтан, осындай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы жас буынның бойына қазақ халқының бай тарихи мұрасын сіңіріп, отансүйгіштік рухты қалыптастыруды басты мақсат етіп келеміз, – деді «Skif» тау спорт клубының мүшесі, зейнеткер Сәкен Келдібай.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»


