Қарағандыда «Батырлар мұрасы» онкүндігі аяқталды
Қарағандыда Батырлар күніне орай өткізілген «Батырлар мұрасы» онкүндігі өз мәресіне жетті. Биылғы шараның басты ерекшелігі – тарихи жауынгерлік ұрандардың кеңінен насихатталуы болды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік іс-шараларда 31775 әскери бөлімінің сарбаздары ұлттық жауынгерлік ұрандарды шақырып, «Алаш!», «Әруақ!», «Абылай!» деп рух көтерді.


Республикалық Qazaq club жанындағы академик Темірғали Көкетай атындағы орталықтың жетекшісі Нұржан Сұршаұлы жауынгерлік ұрандардың маңызын түсіндіре келе:
– «Алаш!» ұраны – қазақ халқының бірлігі мен тұтастығын білдіретін нышан. «Әруақ!» ұраны соғыс даласында айтылып, ата-баба рухына тағзым мен Отанды қорғаудағы қайсарлықты бейнелеген. Ал «Абылай!» ұраны үш жүзді бір тудың астына топтастырған хан Абылайдың 1729 жылғы Аңырақай шайқасындағы жеңісінен кейін кең тарады. Бұл ұран қазақтың барлық жүздерін бірлікке үндейтін рухани символға айналды, – деді.

Шара барысында 31775 әскери бөліміндегі «Батырлар аллеясына» гүл шоқтары қойылды. Салтанатты жиынға №35 мектептің «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары да қатысты.

Әскери қызметшілер биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан бірқатар даңқты тұлғалардың ерлігі туралы баяндама жасады:
• аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлы — 115 жыл,
• Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин — 110 жыл,
• батыр Сұлтан Баймағамбетов пен жазушы-жауынгер Кәмен Оразалин — 105 жыл,
• ҚР бұрынғы Қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбай — 80 жыл.

Онкүндік аясында Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде студенттерге арналған ғылыми-танымдық конференция да ұйымдастырылды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



