Қарағандыда баспанасыз қалған көп балалы отбасыға жаңа үй берілді
ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша Зекет және қайырымдылық қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында бес баласы бар Медет Баймұрыновтың отбасы жаңа баспанаға ие болды.
Қарағанды облысы, Шахтинск қаласына қарасты Новодолинка ауылында, Поселковая көшесі, 9/1 мекенжайында тұратын отбасы ақпан айының басында өрт салдарынан баспанасыз қалған еді. Қиын жағдайда қалған отбасыға көмек көрсету мақсатында жомарт жандар бірлесе әрекет етіп, баспана алу үшін қажетті қаражат жинады.
Рамазан айының қарсаңында Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы 807-баспана кілтін салтанатты түрде табыстады. Салтанатты рәсімге ауыл тұрғындары, мешіт жамағаты және қайырымды азаматтар қатысып, отбасының қуанышымен бөлісті.
Осындай игі істер мұқтаж жандарға демеу болып қана қоймай, адамдардың бір-біріне бауырмалдық пен жанашырлық қасиеттерін нығайтады. Қайырымдылық іс-шарасы алдағы уақытта да жалғасады деп жоспарланып отыр.
ihsan.kz