Қарағандыда бас шырша шамдары жағылды
Бүгінгі күн райы ерекше. Әрі қарағандылықтардың да көңіл күйі көтеріңкі. Себебі, бүгін Тәуелсіздік алаңында құрылған бас шыршаның шамдары жағылды. Қала қонақтары мен тұрғындары осы бір есте қаларлық іс-шараны тамашалау үшін орталыққа ағылды…
Керемет безендірілген шырша. Әрі түрлі жаңа жылдық мүсіндер мен безендірілген сахна. Осының бәрі мерекелік көңіл күй сыйлайды екен. Алаңда жастардан бөлек, балаларын жетектеген отбасылар да көп. Келген жұртты көп күттірмей сахна төріне аяз ата мен ақшақар көтеріліп, жасыл шырша шамдарын жақты.
Шырша шамдары жағылғаннан кейін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Концерт барысында жергілікті әншілер өлең айтып, би билетті. Соңы отшашумен аяқталды.
Жансая Қалиақпарова да бүгінгі салтанатқа отбасымен келіпті. Қарағандылықтарға жылы лебізін білдіріп, тілегін арнады.
– Біз жыл сайын отбасымызбен шырша шамдарын жағуға келеміз. Себебі, бұл кеш балаларға қайталанбас керемет әсер сыйлайды. Балаларымыз түрлі костьюм киген персонаждардың өнер көрсетуін асыға күтеді. Олар үшін өте қызық. Әрі басқа іс-шараларға ұқсамайды. Көңіл күй де, әсер де бөлек. Қарағандылықтар дәл осы кешті керемет көңіл күймен қарсы алды. Қарағандылықтарды келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын, – деді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz