Қарағандыда балалардың инклюзивті спорт фестивалі өтті
Қарағандыдағы №19 жалпы білім беретін мектепте «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» атты балалардың инклюзивті спорт фестивалі өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов,«AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

Аталған фестиваль инклюзивті білім беруді дамыту, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Оған Қарағанды, Теміртау, Саран және Шахтинск қаласынан келген жас спортшылар қатысып, өзара сынға түсті. Фестивальдың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Сіздер спортта ғана емес, өмірде де жеңімпазсыздар. Сіздер – рухтың беріктігінің жарқын үлгісіздер. Қажыр-қайраттарыңыздың арқасында біз маңызды бір ақиқатты түсінеміз. Яғни, мақсатқа ұмтылған, жүрегі кең адам үшін ешқандай кедергі болмайды. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді.
Нұркен Сайфиддинұлы өз сөзінде фестивальдың маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, Бекзат Алтынбеков те сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Әрі бұл игі іс-шараның «AMANAT» партиясының бастамасымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ұйымдастырылып отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаева да сөз алып, балаларға арналған инклюзивті фестивальдың екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
– Мұндай спорттық шаралар балаларды жақындастырып, достық қарым-қатынас орнатады.
Кездесулер арқылы олар жаңа достар тауып, өзара қарым-қатынас нығайтады. Бұл фестиваль алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын болады. Келешекте облыстық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Сол кезде өз мүмкіндіктеріңді көрсетіп, жаңа жетістіктерге жетесіңдер деген сенімдемін, – деді Нұркен Кобжанов.
Жарысқа қатысушылар бочча ойынын ойнап, жеңіл атлетикадан сынға түсті. Солардың қатарында Ғ.Мұстафин атындағы мектептің оқушысы 11 жастағы Михаил Мантров бочча спортынан өнер көрсетті. Өзі осы спорт түрінен бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Өзі осы фестивальдан да жүлдесіз қайтпады.
– Бұл – менің үшінші турнирім. Фестивальдан алтын еншілеп, Астанада өтетін республикалық турнирге жолдама алғым келеді. Сол үшін дайындығымды күшейтіп, үлкен мақсатпен келдім. Өз басым кішкентайымнан спорттың осы түрімен шұғылданып келемін. Кейінірек жүзу спортына да бардым. Бірақ, жаныма жақыны бочча болды. Осы уақыт ішінде көп достар таптым. Әрі керемет эмоцияға толы сәттерді басымнан өткердім. Келешекте білікті бағдарламашы болғым келеді, – деді жарысқа қатысушы.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



