Қарағандыда БАҚ өкілдері арасында бильярд пен дойбыдан облыстық турнир өтуде
Облыс орталығында Қарағанды телестудияның тұңғыш директоры Қали Аманбаевты және Дүниежүзілік теледидар күні қарсаңында БАҚ өкілдері арасындағы дәстүрлі облыстық бильярд пен дойбыдан турнир өтуде. Салтанатты сәтте аймақтық журналистиканың дамуына қосқан еңбегі үшін «Северное Прибалхашье» газетінің бас редакторы Береке Шалова «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен марапатталды.

Қали Әлібекұлы Аманбаев – Қарағанды телестудиясының алғашқы директоры, майдангер, еліміздің телевизия саласының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Орел–Курск шайқастарына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары Қарағанды тау-техникалық училищесінде директордың орынбасары болып қызмет атқарған. Кейін теледидар саласына бет бұрып, өмірін ақпарат саласына арнады. Еңбегі еленіп, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «КСРО-ның құрметті радисі» атақтарына ие болды. Сондай-ақ ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды теледидары ардагерлер кеңесінің төрайымы Галина Балбекова мен марқұмның ұлы Сайран Қалиұлы арнайы қатысып, Қали Аманбаевтың өмірі мен еңбегі жайлы естеліктермен бөлісті. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Даурен Есімханов, «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қайрат Әбілда және Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садыханов қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Әрі тұлғаның журналистика саласына қосқан зор үлесін атап өтіп, бұл турнирдің болашақта республикалық деңгейге ұласатынына сенім білдірді.


Облыстық турнир – журналистер қауымы үшін дәстүрге айналған айтулы шара. Өткен жылы Журналистер одағының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып, Қали Аманбаевтың 100 жылдығына арналған болатын.


– Қали Әлібекұлы кәсіби журналист қана емес, ұстаз, ғалым, терең ойлы азамат еді. Оның өмірден өткеніне көп жыл өтсе де, рухани қолдауы мен өнегесі бізбен бірге, – деді Галина Балбекова.

Дойбы жарысы да қызу бәсекеге толы өтті. Ерлер арасындағы дойбыдан І орынды «Балқаш» газетінің директоры Қуаныш Аманқұлов жеңіп алды. ІІ орынды Мұрат Төкенов иеленсе, үздік үштікке Әдебиет Белгібайұлы енді.

Әйелдер арасында «Ortalyq Qazaqstan» газетінің дизайнері Арайлым Көктаева жеңімпаз атанды. ІІ орынды Мариям Ахметбек, ал ІІІ орынды Жазира Есенхан иеленді.


Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



