Бас тақырып

Қарағандыда «Бұқарекең жырлайды» атты дәстүрлі жыршы-жыраулар фестивалі өтуде

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Көмекей әулие» атанған көреген қайраткер Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылына арналған «Бұқарекең жырлайды» атты дәстүрлі жыршы-жыраулар фестивалі басталды. Аталмыш шараның тұсаукесері кеше Бұқар жырау ауданында, баба ескерткішінің алдында басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысты.

 

Тамыздың 3-4 аралығында өтетін фестивальге елге белгілі ақындар мен жыршылық өнерді және жыраулық дәстүрді дәріптеп жүрген белгілі жыршы-жыраулар қатыспақ. Атап айтсақ, Алмас Алматов, Амандық Көмеков, Айгүл Елшібаева, Айгүл Қосанова, Әділбек Сарин, Ұлжан Байбосынова, Ерболат Шалдыбеков, Қазыбек Әдікей, Фархат Ораз, Серік Жақсықұл, Жәкен Омар, Дидар Қами, сынды есімі елге белгілі майталмандар бар.

Баба ескерткішінің алдында басталған салтанатты жиын барысында жиылған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

– Бұл байқау 2012 жылы арқа ақындар-жыршылар мектебінің бастауымен, аудан және облыс әкімдігінің қолдауымен басталған сайыс еді. Бүгінде Республикалық фестивальге айналды. Ауқымы да кеңейіп, жыл сайын қатысушылардың қатары артып келеді. Байқаудың бір ерекшелігі мұнда тек қазақ балалары емес, өзге ұлт өкілдері де қатыса алады. Бабаның жырларын тек қазақ тілінде емес, орыс және басқа да тілге аударып, баба жырын насихаттауға үлкен үлес қосуда. Біз үшін бұл да бір үлкен қуаныш, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Ал, баба ұрпағы Ғалымтай Бақтиярұлы:

– Бұқар баба өмірі сөнбейтін шырақ, таусылмайтын бұлақ секілді. Сондықтан, келешек ұрпақ баба мұрасын бойына сіңіріп өсуі қажет. Әрі тереңірек зерттей түссе екен. Бұқар баба жөнінде оның 13-ұрпағы Шопанай Әмірханұлы ағамыздың еңбегі орасан. 1997 жылы бабаның 325 жылдығын облыс және республика деңгейінде атап өтуде үлкен еңбек сіңірді. Баба басына кесене көтеріп, үлкен той өткізді. Бүгінде бабаның 355 жылдығын республика көлемінде өткізіп жатқан аудан және қала әкімдігіне алғысымды айтамын, – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button